Кеше Уәлиханов ауданындағы су басу қаупі бар Қаратал ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың айтуынша, бүгіндері елді мекендердегі жағдай тұрақты.
– Қаратал ауылында 233 тұрғын бар. Кеше күндізгі сағат 12:00-ден бастап су басу қаупі бар үйлердің 33 тұрғыны тікұшақтың көмегімен Қулыкөл ауылындағы эвакуациялық бекетке жеткізілді. Сондай-ақ, туған-туыстарының үйіне және мектептегі қосынға өз күшімен көшіп жатқандар да бар. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының 2754 бас малы қауіпсіз жерге жеткізілді, – дейді Ерік Сарыбаев.
Қазіргі уақытта ауылда су сорғылау жұмыстары мен қорғаныс үйінділерін нығайту шаралары жалғастырылуда. Елді мекенге азаматтық қорғаныс және жергілікті атқарушы биліктің барлық күштері тартылған. Жуырда олардың қатары Нұр-Сұлтан қаласынан және Павлодар облысынан келген құтқарушылармен толықты.
Оқиға орнында 40 маман тәулік бойы кезекшілік етуде.