Петропавл қаласында өздерін “Қызылжар су” кәсіпорнының қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғындарға су тазартатын қымбат сүзгіштерді ұсынып жүрген сатушылар пайда болған.
Кәсіпорынға телефон шалып, сатып алған сүзгіштердің сапасына шағымданып жатқандар да бар екен. Сондықтан “Қызылжар су” тұрғындарды санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес ауызсумен қамтамасыз ететінін, ал су тазартатын сүзгіштерді орнатумен айналыспайтынын айтып, жұртшылықты абай болуға шақыруда.
Бүгінге дейін алаяқтардың неше адамның сеніміне кіріп, пайда тапқаны белгісіз. Олар көбіне қарттар мен жалғыз тұратын зейнеткерлерді, мүгедектерді алда-сулап, құны 80 мың теңгеге дейін баратын сүзгіш құрылғысын орнатып береді екен.