Жыл басынан бері облыстың тәртіп сақшылары жүздеген адамға көмектесті. Тек «102» пультіне сегіз мыңнан астам хабар түскен. Олардың үш мыңы полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекетін қажет еткен қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы болды. Алайда, полицейлер төтенше жағдайларда да көмекке келеді.
Сейсенбі күні Есіл аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне Явленка ауылындағы Гагарин көшесінде барак түріндегі үш пәтерлі тұрғын үй өртке оранғаны туралы хабар түскен. Хабарды алған соң полиция капитаны Бірімжан Аяғанов өрт сөндірушілермен бірге өрт орнына келіп жеткен. Көршілері үй ішінде 16 жастағы қыздың қалғанын айтады. Ол өрт сөндіруші кіші сержант Азат Бектасовпен бірге жанып жатқан үйдің ішіне кіріп, шошып қалған қызды, қажетті құжаттарды шынылары сынған терезе арқылы алып шығады.
Аққайың ауданындағы Смирново ауылының тұрғыны да полицейлерге ризашылығын білдірді. Ол аяқ-қолының саусақтарынан айырылған. Кешкісін қас қарайған шақта көшеге шыққан азамат өздігінен үйіне жете алмапты. Денсаулығы сыр беріп, жол жиегіне құлап, біраз уақыт жатып қалған. Көшеде құқықтық тәртіпті қадағалап жүрген полиция аға лейтенанты Рашида Серғазина мен полиция старшинасы Әсет Жанғазин ер адамның айқайлап көмек шақырған даусын естіген. Полицейлер жедел жәрдем шақырып, оны аудандық аурухананың дәрігерлеріне тапсырған.