Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Жоғары медицина мектебіне оқуға түскен үндістандық студенттер үшін «Мәдениеттану» пәні аясында ағылшын тілінде «Қазақтану» лекториі енгізілді.
18 сағатқа шақталған курс этномәдени сипаттағы 9 тақырыпты қамтиды. Дәріс оқуға университет оқытушыларымен қатар сырттан да сарапшылар тартылған. Барлық сабақтар стандартты емес, ерекше түрде өткізіледі. Мәселен, «Қазақ елі: қасиетті нысандардағы тарихи ескерткіш» тақырыбындағы дәріс «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінде саяхат түрінде өтті. Экскурсия ағылшын тілінде заманауи компьютерлік технология мен интерактивті қарым-қатынас формаларын қолдана отырып жүргізілді. Ал «Қазақтардың дәстүрлі менталитеті және отбасы құндылықтары» тақырыбындағы дәріс үшін аудитория тұрмыстық заттармен жабдықталды, ал студенттер ұлттық киім киіп, қазақтың саалт-дәстүрлерін сахналады.