Балалардың тағы бір оқу жылын артқа тастап, жазғы демалысқа шығатын уақыты таяп қалды. Осы кезде әр ата-ананы балаларының демалысын тиімді өткізу жайы толғандырады. Биыл балаларды демалыс шараларымен 100 пайыз қамту көзделіп отыр. Жетпіс мыңға жуық оқушыны 14 сауықтыру лагері қабылдайды. Балалардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 6,5 пайызға артық. Демалыс орындарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, өрендерді толыққанды әрі сапалы демалыспен қамту үшін бюджеттен 44 млн. теңге бөлінген. Сауықтыру лагерьлерiнiң жолдама құны – 15 мыңнан 30 мың теңгеге дейiн. Жазғы лагерьде демалатын өрендердің он мыңға жуығы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққандар. Олардың демалысы үшін бюджеттен 69 млн. 415 мың теңге қаржы бөлінді.
“Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында өңіріміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының демеушілігімен 191 балаға 16 млн. 764 мың теңгенің жолдамалары сатып алынды. Аққайың ауданындағы “Зенченко”, “Полтавское”, “Астық”, “Руденко” шаруашылықтары 14 млн. 400 мың теңге тұратын 80 жолдама, Уәлиханов ауданы 840 мың теңгенің 41 жолдамасын, Мамлют ауданындағы шаруашылықтар 460 мың теңгеге 23 жолдама ұсынып отыр.
Сауықтыру лагерьлерін сенімді басқаруға беру – тиімді әдістердің бірі. “Эдельвейс Боровое” сауықтыру орталығы жаз бойы 200 бала қабылдайды. Кәсіпкер енді орталық жұмысын жыл бойы ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал “Достық”, “Березка” лагерьлерінің сенімді басқаруға берілгеніне екі жыл болды. Биыл материалдық-техникалық базаны нығайту үшін спорттық-дамыту құралдары сатып алынды. Мұнда бес ауысымда екі мыңға жуық баланы қамту жоспарда бар.
Осыған дейін балалар үйі болған “Золотая осень” лагерін сенімді басқаруға тапсыру жұмыстары да аяқталуға жақын. Онда пәндік олимпиадаларға қатысқан өрендер демалады. Олар мұнда белсенді демалыс бағдарламасына қатыса отырып, білім көкжиегін кеңейтіп, түрлі пәндер бойынша қосымша білім ала алады. Бұл лагерь 400 баланы қабылдайды.
Биыл Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Шөптікөл арнайы түзету мектеп-интернаты жанындағы лагерь аудандық әкімдіктің балансына берілген болатын. Оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 6 млн. теңге бөлінді. Лагерь үш ауысымда алпыс баладан қабылдайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды да қабылдау үшін жағдай жасалды.
Айыртау ауданы сыртқы және ішкі туризмді дамыту үшін қолайлы өңір болғанына қарамастан, бұл жерде сауықтыру лагері жоқ. Ақжар, Уәлиханов аудандарында да балалардың жазғы демалысына қажетті орын қарастырылмаған. Ал Тимирязев ауданында “Счастливое детство” лагері бар. Алайда, су тасқыны кезінде бұзылған лагерьді қалпына келтіру жұмыстары әлі күнге қолға алынған жоқ.
Қала сыртындағы лагерьлерде 10 мыңнан астам бала демалады. Мұнда санитарлық талаптардың сақталуы – ерекше бақылауда. Балаларға қауіпсіз жазғы демалыс ұсынып, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. Қала сыртындағы лагерьлерде балаларға берілетін бес мезгіл тамақ дәрумендермен және минералды заттармен байытылған.
Жалпы білім беретін 480 мектептегі “Бақытты балалық шақ” демалыс алаңдары қырық мыңнан астам өренді қабылдайды.
Қала сыртындағы лагерьлерде және мектеп жанындағы алаңқайларда демалатын балалар үшін “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мен “Жастар жылына” арналған жоспарға іс-шаралар енгізілді. Лагерьлерде “Полиглот” және “Жас ұлан” белсенділері жұмыс істейді. Маусым айында Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылардың ағылшын тілін меңгеру, зерттеу қабілеттерін арттыру, “Stem” бағыттары бойынша көмектесетін “Жазғы мектеп – 2019” жұмысын бастайды. Онда білім алуға мүмкіндік алған 140 баланың отызы – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан.
Жазғы демалыста тарихи орындарды аралау да жақсы дәстүрге айналды. Өткен жылы Жамбыл, Ақмола облыстарынан 200 оқушы өңірімізге келсе, 157 өреніміз Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласына барып келді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Петропавл қаласындағы “Турист” орталығының екі мыңға жуық тәрбиеленушісі өлкетану экспедицияларына қатысып, өңіріміздің киелі орындарын, Бурабай, Ботай, Имантау, Шалқар көлдерін аралайды.
Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырысы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен Солтүстік Қазақстан облысы үшін “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығына – 384, “Бөбек” ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығына 70 жолдама бөлінді. Аз қамтылған отбасынан шыққан 750 бала жыл бойы “Солнечный” балалар шипажайында қосымша демалып, ем қабылдайды.
Гүлмира КӘРІМОВА, облыстық білім басқармасының басшысы.