Бүгінгі таңда елімізде сотталғандарды жұмыспен қамтуға және оларға кәсіптік білім беруге көп көңіл бөлініп отыр. Мұндай жандар бостандыққа шыққан кезде еркін өмірге тез бейімделе алады.
Қазіргі таңда облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 мекемесінің өндірістік учаскелерінде төрт кәсіпкер сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. “ЛесПромСКО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағаштан жасалған түпқоймалар мен кәдесый бұйымдарын шығарады. Ол жерде алты жазасын өтеуші еңбек етуде. “Пасека Қызылжар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі омартаға арналған құрал-жабдықтарды жасауды қолға алмақ. Қазіргі таңда омартаны тасымалдауға арналған құрал-жабдықтар дайындау бойынша өндірісті кеңейту мәселесі пысықталуда. Егер бұл жоспар жүзеге асса, тағы да 3 сотталушы жұмысқа орналастырылады. Серіктестік басшысы Олег Гавриловтің айтуынша, бір айда орташа есеппен 100 омарта жасау көзделіп отыр. Омарталар өңірімізде ғана емес, Ақмола және Қостанай облыстарында зор сұранысқа ие. Ендеше еңбек етіп жүрген жазасын өтеушілер үшін тұрақты табыс көзі болады. Бүгінгі таңда серіктестік басшысы жасалған бір омарта үшін 3 000 теңге төлейді. “Щеголев Е.С.” жеке кәсіпкерлігінде еңбек етіп жүрген 9 жазасын өтеуші моншаға қажетті бұйымдарды дайындайды. “Ибраев С.Н.” жеке кәсіпкерлігі ағаштан қоршау, дөңгелек үстел сияқты тұрмысқа қажетті дүниелерді шығарады. Қазір дайын монша әзірлеуді қолға алды. Ол жерде 5 сотталушы жұмыс істеп жүр.
Сондай-ақ, мекеме аумағында “Еңбек-Қызылжар” филиалының №3 өндірістік учаскесі жұмыс істейді. Онда төсек-орын жабдықтары мен арнайы киімдер тігетін, нан-тоқаш пісіретін және макарон өнімдерін шығаратын цехтар орналасқан. Мемлекеттік тапсырыс бойынша пластиктен және металл қоршаулардан терезе жақтауларын да әзірлейді. Бұл жұмысқа 79 жазасын өтеуші тартылған. Жалпы ЕС-164/3 мекемесі бойынша 147 сотталушы жұмысқа орналастырылды. Олардың еңбекақысы орындалған жұмыс көлеміне байланысты 30-50 мың теңгені құрайды.
Сонымен қатар мамандығы жоқ 100-ге жуық адам Петропавл кәсіптік колледжінде тас қалаушы, электрмен дәнекерлеуші және ағаш шебері мамандықтары бойынша білім алып жүр.
Еңбек етуге дағдыланған, арнайы білімі бар адам сұранысқа ие. Бостандыққа шыққан соң олар қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы тиіс.
Тамерлан ВАЛИЕВ, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің
ЕС-164/3 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі.