«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПА — БАСТЫ ҚАҒИДАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Көрсетілетін қызмет сапасының деңгейі тұрғындардың мемлекеттік қызметшілер жұмысына қанағаттану жағдайымен өлшенеді. Облысымыздың қоғамдық ұйымдары азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі мен осы саладағы проблемаларды анықтау мақсатында жыл сайын әлеуметтік зерттеулер ұйымдастырып тұрады.

Солардың бірі – мемлекеттік тапсырыс негізінде “Демеу” жеке коммерциялық емес мекемесі жүргізген қоғамдық мониторинг. Өңіріміздің екі мың тұрғыны қатысқан мониторинг барысында 25 әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет түрінің көрсетілу сапасы бағаланды. Еліміз бойынша мұндай жұмысты “Сандж” зерттеу орталығы өткізеді. Республикалық қоғамдық мониторинг нәтижесіне сәйкес 2017 жылы біздің өңіріміз тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі бойынша бірінші орынды иеленсе, былтыр үш сатыға төмен түстік. Бұл мемлекеттік органдар жұмысында бірлесіп шешуді қажет ететін проблемалардың барын көрсетті. Мәселен, мониторинг қорытындысы бойынша “Ветеринариялық зертханалар дайындайтын сараптама актісін беру” мемлекеттік қызмет түрінің көрсеткіші өте төмен болды. Тұрғындар зертханалар мен ветеринарлық қызметтердің келісілген түрде жұмыс істемейтіні қажетті құжатты уақытында алуға кедергі келтіретінін алға тартқан. Рейтингтің соңғы орнында аудандардағы орман шаруашылығы мекемелері тұр. Көбіне шалғай жерде орналасқандықтан, оларға зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың жетуі қиынға түседі. Түсіндіру жұмыстарын сирек жүргізетін ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдардың да рейтингтегі ұпайлары аз.
“Демеу” мекемесі жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласының әкімдіктері жұмысының тиімділігі артқанын көрсетті. Ал қанағаттану деңгейінің ең жоғары көрсеткіші облыстық мемлекеттік кіріс, әділет, полиция департаменттеріне тиесілі болды.
Бір жыл бұрын рейтингте соңғы тұрған Есіл ауданының бірінші орынға қол жеткізуі мемлекеттік қызмет көрсетушілердің өз жұмысын жетілдіру мүмкіндіктері барын көрсетеді. Бұған қызмет сапасын ішкі бақылау қызметі де өз үлесін қосуы тиіс. Мониторинг барысында аудандық мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің тиімділігін арттыру бойынша жолға қойылған тетіктер де анықталды. Мәселен, қызмет көрсету нысандарын тұрғындарға ыңғайлы жерге орналастыру және қызметтің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету бойынша Есіл, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, ал жұмысқа кәсіби мамандарды тарту деңгейі бойынша Айыртау, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандары жақсы нәтиже көрсете алды. Соңғы аталған екі ауданның тұрғындары кезекте аз уақыт тұратындықтарын атап көрсеткен.
Өткен жылы тұрғындардан мемлекеттік органдардағы кемшіліктер жөнінде 32 шағым түсіп, солардың негізінде 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Алты өтініш берушінің шағымы расталып, қызмет алушылардың құқығы қорғалды. Біздің департаменттің бастамасымен облыс орталығы мен аудан әкімдіктері “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, мемлекеттік қызмет жәрмеңкелерін өткізді. Оларға шалғай елді мекендердің төрт мыңнан астам тұрғыны қатысты.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың тиімді амалдарының бірі – “Жасырын тұтынушы” әдісімен жүргізілетін қоғамдық бақылау. Мұндай мониторингке қоғамдық ұйымдармен қатар, құқығына нұқсан келтірілген тұтынушылар да қатысады. Осы күнге дейін мемлекеттік қызмет көрсетушілерге екі жүзден астам жасырын бақылау жүргізілді. Сапасыз қызмет көрсету, қажетсіз құжаттар мен заңсыз төлемді талап ету, сондай-ақ, құжат иесінен басқа адамға қызмет көрсету жағдайлары жиі қайталанады. Сондықтан бақылау жүргізілгеннен кейін кемшіліктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге ескертулер жасалды. Біздің департамент қоғамдық маңызды істерге белсенді араласатын азаматтарды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, әдеп нормаларының сақталуына мониторинг жүргізетін “жасырын тұтынушылар” арасында “Үздік жасырын бақылаушы” байқауын өткізді. Оның жеңімпазы петропавлдық Арыстан Абраев болды.
Бүгінде қоғамдық мониторингтер мен мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру идеяларын жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше. Мектеп өрендері мен студенттерді оқытудың нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің электронды форматта көрсетілу деңгейі 80 пайызға артты. Соңғы жылдары 300-ден астам жоғары сынып оқушысы, колледждер мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері “Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – өмір сапасы” атты байқауға қатысып, тақырып аясындағы жобаларын ұсынды. Мұнымен қоса жастар арасында “Брейнринг” ойыны мен дебаттық турнирлер ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шаралар аталмыш саладағы проблемаларға бүгінгі ұрпақ көзімен қарауға мүмкіндік беріп, жастардың сыбайлас жемқорлыққа деген теріс көзқарасын қалыптастыруға септігін тигізеді.
“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында Петропавл қаласында “Digital-ХҚКО” жұмыс істей бастағаны белгілі. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жобалық кеңсесі саналатын орталықтың басты міндеті тұрғындардың сандық сауатын арттыру болып отыр. Онда операторлардың қатысуынсыз мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандырылған режімде алу қарастырылған. Яғни, мұнда әдеттегідей құжат қабылдау рәсімі жүргізілмейді. Халыққа цифрлық қызмет көрсету орталығын ашу мемлекеттік қызметтердің жаңа форматына көшудің кезеңі болып табылады. Бүгінгі таңда облысымызда 566 өзіне-өзі қызмет көрсету секторы жұмыс істейді, “Электронды үкімет” порталын қолдануды 100 мыңнан артық адам үйренді. Қызмет көрсетушілердің жұмысын бағалауды ыңғайлы ету үшін “Digital agent” мобильдік қосымшасы жасалып, қолданысқа енгізілді. Бұл қосымша қызмет көрсету сапасын бес ұпайлық жүйе бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Қанағаттанбау белгілері бойынша департамент қызметкерлері дереу шара қолданып, тұтынушы құқығын қалпына келтіреді.
Әлеуметтік мониторинг қорытындысы көрсеткендей, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы негізгі мәселелердің бірі өңіріміздің шалғай ауылдарында қызметтердің қолжетімсіздігі мен мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігі болып қалып отыр. Мониторинг нәтижесі облыс әкімі аппаратымен бірлескен жиында қарастырылып, барлық мемлекеттік қызмет көрсетуші органдарға кемшіліктерді түзету бойынша нақты шараларды қолға алу, кәсіби құзыреттіліктерін арттыру туралы ұсыныстар жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру туралы мәселені көтеріп, сапа – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуы тиіс екенін айтқан еді. Біз осы қағиданың орындалуына барынша күш салып, жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.

Елена СТЕПАНЕНКО,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp