Уәлиханов ауданындағы Аққұдық ауылынан шамамен 9 шақырым жерде тастан қашалып жасалған адам бейнесіндегі екі ескерткіш орналасқан. Ақсақалдардың айтуынша, бұл балбал тастар ғашықтардың құрметіне орай тұрғызылған. Ауыл арасында оның пайда болуы жөнінде мынадай аңыз бар.
Бағзы заманда қазақтың айдай сұлу бір бойжеткені қалмақ жігітіне ғашық болыпты. Ару бұл таңдауына ағайын-туыстарының қарсы болатынын сезіп, сүйіктісімен бірге туған мекенінен қашпаққа бел буады. Бұл екеуіне ауыл жұртшылығы іздеу салып, жер-жерге салт аттылар жөнелтеді. Степняк елді мекеніне қарай бет алған қыз бен жігіт айтқандарынан қайтпай, одан әрі жүре беріпті. Қос ғашық жолда кейбір заттарын жоғалтып алады. Қуып келе жатқан ауылдастары солар бойынша ізіне түседі. Қыз бен жігіт жүріп өткен жолда бүгінде бірнеше ауыл орналасқан. Мысалы, округімізге қарасты Қазанқап деген елді мекеннің атауы осы оқиғамен байланысты. Аңыз бойынша бойжеткеннің туыстары осы жерден қос ғашықтың тастап кеткен қабын тауып алған. Оның ішінен қазан шығып, осы маң Қазанқап деген атауға ие болса керек.
Бұл аралық – ақ қайыңы жайқалып өскен, шұрайлы жер. Тарихта оған қатысты тағы бір аңыз бар. Бабамыздан қалған өсиет бойынша мұнда бір батыр жерленген. Шөбі шүйгін жайылымдық жерде орналасқан тастың маңында қабірлер орын тепкен. Жоңғарлар қазақ ауылдарына шабуыл жасап, қарттарын өлтіріп, әйелдерін тұтқынға алғанда, батырларымыз қасық қаны қалғанша жаумен соғысқан.
Айсары ауылы атауының да қос ғашық туралы аңызға қатысы бар көрінеді. Адасып қалған қыз аталмыш жерге келген кезінде сырғасын жоғалтып алады. Бабаларымыз содан бұл маңды “Айсырға” деп атап кеткен. Одан соң жоңғар жігіті домбырасын қалдырған маңда “Домбыралы” ауылы жайғасты. Ғашықтар Аққұдықтан ары қарай су жағасында демалуға тоқтаған сәтінде ғана қуғыншылардың қолына түскен екен. Осы жерде олар бір оқтан өлім құшқан деседі. Қос ғашыққа арналған балбал тас қыз бен жігіттің қаза тапқан жерінде, яғни Аққұдық ауылының маңында орнатылған. Ауыл тұрғындары бұл ескерткіш жеңіліс тапқан адамдарға емес, өз өлімі арқылы мәңгілік махаббатты дәлелдеуге талпынған қос ғашыққа орнатылды деп, оқиғаны ауылымызға қонақ болып келгендерге аңыз ретінде айта жүреді.
Өскелең ұрпақ бойында елге деген сүйіспеншілік қасиетін ұялату мақсатында ауданымызда бірталай істер атқарылуда. Солардың бірі – мектеп оқушыларының қатысуымен жаз мезгілінде киелі жерлерге саяхат ұйымдастырамыз. Былтыр ауданымызда орналасқан бірқатар ескерткіштердің, соның ішінде балбал тастың басында болып қайттық. Биыл да ғашықтарға арналған ескерткішке баруды жоспарлап отырмыз. Олардың басында балаларға халқымыздың тарихын таныту үшін ауыздан-ауызға тарап, саф алтындай сақталып келген аңыздарды айтып отыруды ұмытқан емеспіз.
Күләш ЕГІМБАЕВА, Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының директоры.