Адамның қулығына құрық бойлаған ба?! Жеңіл жолмен қалтасын қампитуды көздегендер неше түрлі қулық-сұмдыққа барып, кейін бастары бәлеге қалып жататыны өкінішті. Өткен жылдың соңында қызметін асыра пайдаланып, мемлекетке қомақты шығын келтірген Петропавл қалалық әкімдігінің бұрынғы үш қызметкері алаяқтық қылмысы үшін сот алдында жауап бергенін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды.
Естеріңізде болса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі құқықтық жұмыс секторының меңгерушісі Балдырған Өмірсейітоваға, осы сектордың инспекторы Жанар Есетоваға, коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйді бөлу, есепке алу жөніндегі инспектор Қобылан Өмірсейітовке және олармен ауыз жаласқан Медет Сағдиға Петропавл қаласының “Жас өркен” шағынауданындағы сүрілетін үйлердің иелерінен арзан бағаға пәтер, жер сатып алып, кейін оны әкімдік ұсынған жаңа баспаналарға айырбастап, пайдаға кенелді деп айып тағылған болатын. Өткен жылдың қазан айында Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусев оларды кінәлі деп тауып, Балдырған Өмірсейітоваға – сегіз, ал оның жұбайы Қобылан Өмірсейітовке алты жыл алты ай, Медет Сағди мен оның азаматтық некедегі әйелі Жанар Есетоваға алты жыл сегіз ай жаза кескен. Сонымен қатар алаяқтық жолмен қол жеткізген жылжымайтын мүліктері де тәркіленеді әрі бұдан кейінгі уақытта Балдырған Өмірсейітовадан басқалары (ол өмір бойы) он жылға мемлекеттік қызмет атқару құқықтарынан айрылған. Бірақ бұл үкіммен келіспеген қорғаушылар облыстық сотқа шағым түсірді.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін оқиғаның мән-жайын толығырақ баяндайық. Жоғарыда айтып өткендей, ұйымдасқан топ “Жас өркен” шағынауданындағы ескі үйлерді арзан бағаға сатып алумен айналысқан. Айыптаушы тарап оларды ескі үйлердің бұрынғы иелеріне дұрыс мәлімет бермей, алдады деп кінәлады. Мысалы, жәбірленушінің бірі үйі өртенгеннен кейін қалалық әкімдікке барып, көмек сұрайды. Балдырған Өмірсейітова бұл мақсатқа әкімдікте не қаржы, не үй қарастырылмағанын айтып, шығарып салады. Кейін оған жұбайы Қобылан Өмірсейітов хабарласып, өртке оранған үйін ескі үлгідегі 2 бөлмелі пәтерге айырбастауға ұсыныс жасайды. Жәбірленуші бұл ұсынысты қабыл алады. Кейін екеуі нотариалды түрде сату-сатып алу келісімшартын жасайды. Бірақ сауда айырбас түрінде болғандықтан, қаржылай шаралар жүзеге аспаған. Горький және Жамбыл көшелерінің бойынан бірнеше, Парк, Тәштитов, Позолотин көшелерінің бойынан бір үйден сатып алған. Бұл пәтерлерді туған-туыстарына рәсімдеген. Ол жерлерге тіркеуге қойылғандардың саны да аз емес. Осылайша, “Жас өркен” шағынауданындағы ескі үйлердің орнына жаңасы берілгенде қыруар байлыққа кенелген. Олардың бұл әрекеті қаншалықты заңды, мемлекеттік қызметшілердің әдебіне сай келе ме, міне, облыстық сот отырысында осы мәселелер қаралды.
Аппеляциялық шағымды судьялар Владимир Кириленко және Болатбек Сақтағанов, Гүлнәр Бекенова қарады. Олар істің мән-жайын жан-жақты зерттеп, куәгерлерді, жәбірленушілерді және сатып алу-сату келісімшартын нотариалды түрде куәландырған нотариустың көмекшісін және Петропавл қалалық әкімдігінің заңгері С. Ефремованы тыңдады. Өйткені, әкімдік сотталушылардан мемлекет қазынасына келген 213 миллион теңгеден астам шығынды өндіріп алу жөнінде шағымданған еді. Айыптылардың өздеріне де сөз берілді. Сот барысында судья Қобылан Өмірсейітов пен Медет Сағдидың телефон арқылы сөйлескен жазбаларын да оқыды. Ал жазаға кесілгендердің адвокаттары әкелі-балалы А. және М.Зенковскийлер, И.Петровский және Ә. Ілкенова сотта айыпталушыларды ақтап алу үшін аянып қалмады. Тәжірибелі қорғаушылар бұған дейін қалалық сот отырысында айтқандай, олар жерді де, үйді де иелерінен ақшаға сатып алды, жылжымайтын мүлік үшін рәсімделген құжаттарда заң бұзушылық әрекеттер табылмаған. Сонымен қатар жаза арқалағандарға сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін тағылған айып та негізсіз екенін айтты.
Алайда, судья олардың кейбір уәжімен келіспеді. Себебі, әкімдік мамандары қызметтік міндеттеріне сәйкес алдымен сүрілетін үй иелеріне хат жазып, өз баспаналарын мемлекет меншігіне өткізуге ұсыныс жасауы қажет екен. Жанар Есетова мен Балдырған Өмірсейітова бұл істі орындамағаны белгілі болды. Мемлекеттік қызметшілер жеке басының мүддесін ғана ойлаған. Облыстық соттың судьялары атап өткендей, қылмыскерлер бірнеше пәтер мен жер учаскелерін қаржы төлеп, сатып алғанымен, олардың іс-әрекеттері заңға томпақ келеді. Өйткені, олар қызметтік бабын асыра пайдаланған. Сондықтан оларды толық ақтау заңға қайшы. Дегенмен, Жанар Есетова мен Балдырған Өмірсейітованың кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар екені және кейбір жәбірленушілердің оларға тағар айыбы жоқ екені ескеріліп, жаза мерзімі қысқартылды. Атап айтар болсақ, Медет Сағди мен Қобылан Өмірсейітов енді темір тордың арғы жағында 5 жыл отырады. Ал Балдырған Өмірсейітова мен Жанар Есетованың мерзімі – 6 жыл.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústik Qazaqstan”.