Халқымызда “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген сөз бар. Біз әңгімеміздің кейіпкері етіп отырған ұлты түрік Мислим Ризмановтың өмірлік ұстанымы – осы. Бір емес, бірнеше тілді меңгерген білікті маманның таудай талабы сүйсінтеді.
Өзінің ана тіліне ғана емес, қазақ тіліне де жанашырлықпен қарайтын Мислимнің азаматтық ұстанымын өзгелерге үлгі еткен жөн.
– Мен Жамбыл облысында дүниеге келдім. Бала күнімде әскери дәрігер болуды армандадым. Арманым қиялыма қанат бітіріп, Бішкектегі Б.Н.Ельцин атындағы университетте медициналық білім алдым. Бүгінде Тайынша аудандық ауруханасында травматолог дәрігер болып жұмыс істеймін. Осы өңірге қоныс аударғаныма жарты жылдан асты, – дейді дәрігер.
Жаңашылдыққа ұмтылған, тәуекелден тайынбайтын талапшыл маман жаңа ұжымға тез үйренісіп кеткен. Қарапайымдылығымен көзге түскен травматолог, ортопед, гемотрансфузиолог дәрігерге ұжымның ғана емес, науқастардың да құрметі зор. Ауруына араша сұраған адамның жарасын емдеу үшін жанын салатын травматолог бұған дейін Жамбыл облысындағы емханалар мен Нұр-Сұлтан қаласындағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында тәжірибе жинақтаған.
Қалың қазақтың ортасынан шыққан дәрігерге мемлекеттік тілді үйрену қиындық тудырмапты. Адамның ынта-ықыласы, құлшынысы болса, кез келген ортада тілді еркін меңгере алатынын айтқан ол қазақ тілінен басқа, ағылшын, әзірбайжан, орыс, қырғыз тілдерін жетік меңгерген.
– Түрік пен қазақ – бауырлас халық. Тіліміз де өте ұқсас. Сондықтан маған қазақ тілін үйрену оңай болды. Қазақтың кеңбайтақ жерін мекен еткен соң осы елдің тілін біліп, салт-дәстүрін құрметтеу – абзал. Елге құрмет – тіл үйренуден басталады, – деген дәрігердің сөзі ана тілін менсінбейтін кейбір қаракөздерімізге де ой салуы тиіс.
Бүгінде орда бұзар жастағы Мислимнің алдына қойған мақсаты – айқын, бағыты – анық. Оның болашаққа құрған жоспары ауқымды. Бастысы, өз ісінің білгірі атанып, бұдан да зор жетістіктерге қол жеткізу.
Мислим жастарға қолдау көрсеткен мемлекетке айтар алғысы шексіз. Әке ретінде де жас құрақтай өсіп келе жатқан қос құлыншағына Отанды сүйіп, қазақ тілін құрметтеуге үйретуі оның өзіне ғана емес, ұрпағының ертеңіне жауапкершілікпен қарайтынын аңғартады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Тайынша ауданы.