Кез келген елдің озық мәдениеті мен рухани болмысын таразылайтын күш – театр. Тарихы тереңде жатқан бұл өнердің эстетикалық қуатын арттырып, өзіндік ерекшелігін танытатын, сол арқылы көрермен жүрегіне сәуле түсіретін актерлер екені даусыз. Шынайы өмір мен көркем туындының ой-мақсатын, идеялық сипатын бір-бірімен астастыра жеткізетін, көзі ашық, көкірегі ояу, сезімі сергек көрерменді кейіпкер әлемімен таныстыратын да сол суреткерлердің табиғи дарыны, жанкешті еңбегі, шығармашылық ізденісі емес пе? Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы Мәдина Өсербаевамен әңгімелесу барысында біз сахнагердің бойынан осындай қасиеттерді аңғардық.
– Мәдина Серікқызы, театр өнері саласында қызмет етіп келе жатқаныңызға санаулы ғана жылдар болса да, түрлі рөлдерді сомдап, республикалық байқауларда біраз марапаттарға ие болғаныңызды білеміз. Сахнагерлердің өнері бір-бірімен салыстыра баға беруге болмайтын, әрқайсысының өзіндік өрнегі бар құбылыс қой. Бірақ кейбір өнерпазға маңдайын жарқыратып, жұлдызын биіктете түсетін рөл бұйырмай, енді бірінің қарым-қабілетіне режиссердің шешімі дөп келмей жатады. Осы орайда сізді жолы болған актриса деп айтуға болатын сияқты. Өзіңіз қандай пікірдесіз?
– “Театр өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол – өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп”,– деген екен театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай. Мен, ең алдымен, өмірімді, болашағымды осы бекзада өнермен байланыстырғаным үшін бақыттымын дер едім. Иә, құрылғанына жиырма жылға таяп қалған қазақ өнерінің өңіріміздегі қарашаңырағында қызмет етіп келе жатқаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда, бірнеше жылдың ішінде біраз спектакльдерде басты рөлді сомдап үлгердім. Олардың бәрі оң жамбасыма келді десем, қателеспеген болармын. Режиссер әр сахнагердің қабілетін, ішкі күйін, сезімін біледі ғой. Мұны режиссердің таңдауы дегеннен гөрі, өнер адамына Алла тағаладан берілген сәттілік деп топшылаған дұрыс болар.
– “Әр өлеңі ақынның бір баласы” деген сөз бар. Сол сияқты актердің де сомдаған әрбір рөлі туған перзентіндей қымбат болары сөзсіз. Осы уақытқа дейін ойнаған кейіпкерлеріңіздің ішінде қайсысы жаныңызға жақын?
– Сомдаған рөлдерім жайлы ойласам, ерекше сезімді бастан кешіремін. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың “Махаббат мұнарасы” шығармасының желісі бойынша сахналанған қойылымда кіші ханымның, Рахымжан Отарбаевтың “Қасіретінде” Тоқжанның, “Гәргәрбектің Гөйгөйінде” Үрпияның, “Солдат күнделігінен” спектаклінде медбикенің, тағы да сол сияқты рөлдерді сахналадым. Мына бейне мен үшін ерекше қымбат деп бөле-жарып айта алмаймын. Неге десеңіз, олардың бәрі – ұйқысыз түндердің, тынымсыз ізденістің, жаныңды азапқа салған сәттердің жемісі. Сондықтан олардың бәрі де мен үшін ерекше ыстық. Әрқайсысында менің жүрегімнің лүпілі бар. Кейде жұмысқа бара жатып көшеде, қоғамдық көліктерде күбірлеп, өз-өзіңмен сөйлесіп келе жатқаныңды, тіпті, себепсіз күлгеніңді, дауыстағаныңды аңғармай да қаласың. Рөл мәтінін жаттау оңай емес қой. Сондай сәттерде айналаңдағы адамдар саған есі ауысқан біреу ме деп үрке қарайды. Мұны айтып отырғаным, актерлік өнердің құдіреті де, қиындығы да сонда, басың ойдан бір босамайды.
Басты болсын, эпизодтық болсын, рөлдерімнің ешқайсысы маған оңайлықпен келген жоқ. Мен ғана емес, барша актерлер қауымы әр рөлді сомдау үшін талай азапты сәттерді бастан кешеді. Ал ішкі дайындықсыз, сезімсіз сахнаға шықсаң, алдыңда қол соғып, тамсанып тұрған көрерменді алдайсың. Ең азабы да сол. Мәселен, басқасын айтпағанда, бір ғана “Қарагөз” рөлін сомдау үшін бірнеше ай бойы үй көрмей, сахнада дайындалғаным бар.
– Сөзіңіз аузыңызда, сізді көрермен қауыммен етене жақындастырған да осы спектакль емес пе? Жазушы Мұхтар Әуезовтің драматургияның алтын қорына қосылған пьесасының желісі бойынша сахналанған “Қарагөзді” көрермендер қалай қабылдады?
– Былтыр көрерменге жол тартқан “Қарагөздің” жөні бір басқа. Кезінде қазақ өнерінің хас шеберлері сомдаған “Қарагөзге” екінің бірі бара бермейтіні де рас. Қойылымның режиссері Фархат Молдағалиев бұл туындыны театрда жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі стереотиптерді бұзып, жаңаша бағытта қойды. Бұрынырақта қойылған спектакльдерде Қарагөздің Сырымға деген мөлдір сезімі, шынайы сүйіспеншілігі ол Наршаны көрген сайын, жан-жағындағы шырмауық-шырғалаң тереңдеген сайын арта түседі ғой. Қарагөз өзі туған заманның қаталдығы мен қыспағынан тұншықты, езілді, егілді. Алайда, сол дәрменсіз, шарасыз күйде де ол күрескерлік танытты, бас бостандығы мен өз сүйгеніне қосылу үшін өз заманының әлеуметтік, моральдық қыспағына қарсы шықты. Сондықтан да оны сомдаған танымал актрисалар ойынында батылдық пен нәзіктіктің синтезі айқын көрініс тапты. Рөлді сахнаға алып шықпас бұрын мен олардың бәрін көрдім. Үміт пен күдік, сезім мен қаталдық айқасқан драмалық сюжет барысындағы жас арудың психологиялық күйзелісін, ішкі дүниесіндегі дағдарысын сезіндім десем артық айтқандығым болмас. Сонда аңғарғаным, сахнадағы “Қарагөздердің” бәрі сол кездегі қазақ әйелдерінің ортақ образына айналған аяулы арудың басындағы мүшкіл халді лирикалық сарында, сұлулығы мен тектілігінен ажырамаған қалпында жеткізе білді. Ал біз сахналаған қойылымда сәл өзгешелік бар. Бұл спектакль туралы көп пікірлер де айтылды. Бірі мақтады, бірі даттады. Режиссердің де қойған талабы сол еді, басты мақсатым Қарагөзді ақтау болды. Өйткені, бұл кейпкерді түсіну, әрине, әр адамға қиын деп ойлаймын. Өзіме де оны түсіну алғашында жеңіл болмады. Уақыт өте келе түсіне бастадым. Алла тағала әу баста адамды ет пен сүйектен ғана емес, үлкен сезімнен жаратқан ғой. Адамға ғана тән маxаббат сезімі не істетпейді? Өмірде әртүрлі жағдайлар болып жатады. Біз олардың денін өзіміздің қателігіміз деп ұғамыз. Осылайша, маңдайымызға жазылғаннан қашқымыз келеді. Ол – тағдыр. Осы спектакльден кейін түсінгенім: ешқашан ешбір адамды дұрыс істемеді деп жазалауға болмайды.
Бір айта кетерлігі, есімдері елімізге белгілі театр майталмандары төрешілік еткен республикалық, халықаралық байқауларда спектакльдің жұлдызының бірнеше мәрте жанып, бас жүлдеге ие болуы көп дүниені аңғартпай ма? Бұл саунд-драма жанрындағы қойылымды біз Астанада өткен, әлемнің он үш елінің белді өнер ұжымдары қатысқан халықаралық “Самғау” фестиваліне апарған болатынбыз. Сол мерейлі шарада қойылым “Үздік режиссерлік жұмыс” жүлдесін жеңіп алды. Салтанат үстінде мүйіздері қарағайдай аға-әпкелеріміздің бізге деген қошеметіне куә болып, төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай әсерге бөлендік. Одан өзге Алматыда өткен фестивальда “Қарагөз” спектаклі “Классиканың үздік заманауи интерпретациясы” аталымында марапатталып, Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығы – 1 млн. теңгелік сертификаттың иегері атанды. Ал мен сол шарада Қарагөз рөлі үшін “Үміт” аталымы бойынша марапатталдым.
– Театр тарланы – Асанәлі Әшімов өнеріңіз жайлы жылы лебіз білдіріп, бата бергені де осы тұста емес пе еді?
– Иә. Қойылымның біткен сәті. Шымылдық жабылды. Мен сахнадан ақырын ғана жылжып, бұрылып артыма қарадым да тұрып қалдым. Өн бойымдағы барлық күш-жігерімді жидым да, “Уһ” деп терең демалғандай болдым. Жаңа ғана осы аядай жерде қаншама тағдырлардың тартысы, жүректің жасы, жеңу мен жеңілу, құлау, қайта тұру, риясыз күлкі теңіз суындай сылқ-сылқ еткендей еді. Оның орнын көрермендердің ду қол шапалағы басқандай. Естіп, жаным жадырады. Міне, осыдан кейін өнердің шырағын сөндірмей жүрген ағамыз КСРО-ның халық әртісі Асанәлі Әшімовтен ақ бата алдым. “Жақсы сөз жарым ырыс” демей ме? Бірауыз жылы сөзі мені одан сайын қанаттандырып жіберді.
– Көп жағдайда көрермен сахнагердің сомдаған образына баса мән береді, сол арқылы, сырттай өнеріне сүйсініп, жақсы көріп жүреді. Ал былайғы жеке өмірінен, қайда білім алып, қай жерде дүниеге келгенінен хабарсыз болып жатады. Осы орайда оқырмандарымызға өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат бере кетсеңіз.
– Мен де көп сахнагерлер туып-өскен алтын бесік – ауылда дүниеге келдім. Балалық шағым Уәлиxанов ауданындағы Кішкенекөл ауылында өтті. Әкем құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Анам біздің тәрбиемізбен айналысып, үйде отырды. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде Құдайберген Насырұлы мен Айтжан Настайқызынан тәлім алдым. Әкем мен анамның айтуынша, үш жасымнан бастап өнерге қызығыппын. Үй ішінде “мен өскенде актриса боламын” деп айқайлап жүреді екенмін. Туысқандарым, көршілер сол кезден мені “Біздің актрисамыз” деп атап кеткен. Ол кезде баламын ғой. Өнер адамы болудың қиындығы мен қызығы жайлы ойламадым. Бірақ мектеп бітірген соң қайда, қай мамандыққа тапсыратынымды нақты білдім. Көкшетауға апарып, таңдаған колледжге құжат тапсырдым. Оны бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрына жұмысқа орналасып, ол жерде бір жыл қызмет атқардым. Содан кейін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қабырғасына келдім. Осы театрда өз орнымды таптым деп айта аламын. Туған жеріме ат басын бұра қалсам, ауыл адамдары “біздің актрисамыз келді” деп құрақ ұшып қарсы алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.