Автотұрақтардың жетіспеуі, көлік кептелісі қалалық жерде жыл өткен сайын өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бүгінде облыс аумағында “темір тұлпарлар” саны күрт өсіп, оларды қоятын орын тапшылығы сезіле бастады.
Көпқабатты үйлердің маңындағы автокөліктердің көптігінен аяқ алып жүру қиын. Автожүргізушілер “темір тұлпарын” ағаш маңына, үй жанына, терезе алдына, бір сөзбен айтқанда, кез келген ыңғайлы орынға қоюға дағдыланған. Осының кесірінен тұрғындардың аялап баптаған жас көшеттері, гүлзарлары тапталып, жаяу-жолдар бүлініп жатқаны шындық.
Біз тұрып жатқан үй – кеңес өкіметі кезінде зауыт-фабрикаларда үздік қызметімен көзге түскен жандарға берілген баспана. Сол себепті бірінші, екінші қабаттарда тұратындардың дені егде жастағы жандар. Олар бүгінгі күні көліктен шығатын улы түтіннің кесірінен терезелерін аша алмайтын жағдайға жетіп отыр. Жақында осы жерден өтіп бара жатқан бір қарияны артқа шегінген көлік абайсызда соғып кеткенін де көзіміз көрді.
Облыстық полицияның тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімінің мәліметі бойынша өңірімізде 150938 автокөлік құралы тіркелген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кез келген жүргізуші көгал-гүлзарлардан, балалар және спорт алаңдарынан басқа жерге, сондай-ақ, ауладағы жолдарға көлігін еркін қойып кете алады. Заңда бұл жөнінен ешбір шектеу жоқ. Дегенмен, “Қазақстан Республикасындағы Жолда жүру ережелерін бекіту туралы” Үкімет қаулысында жол белгілерінің толық көрінуіне немесе өзге көліктердің жүруіне кедергі жасаған, сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына бөгет келтірген көлік иелерінің жауапкершілікке тартылатыны көрсетілген. Бірақ байқағанымыздай, бұл талап көп жағдайда орындала бермейді. Өйткені, бүгінгі күні көпқабатты үй алдындағы ортақ алаңды жекеменшікке айналдырғысы келетіндер саны аз емес. Мәселен, соңғы уақытта “темір тұлпарының” тұрақ орнын белгілеп, оны қоршап қоятын әдет қалыптасты. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Осы мәселе төңірегінде облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов:
– Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары” туралы Заңының 34 бабына сәйкес пәтер иелерінің жалпыға ортақ жерді немесе мүлікті бөлектеп алуға еш құқығы жоқ. Көлік иелері мұндай қадамға баруы үшін алдымен барлық үй тұрғындарымен келісімге келуі тиіс”, – дейді.
Учаскелік полицейлерге келіп түсетін арыз-шағымдардың ішінде үй маңына көлік қоюға қатысты жағдайлар жиі кездеседі екен. Орын үшін талас көршілердің бір-бірімен төбелесуіне әкеліп соғатын кездер де болады. Облыстық соттың баспасөз орталығының мәліметіне сүйенсек, №2 Петропавл қалалық сотында көппәтерлі үйлердің жанында заңсыз жолмен орналастырылған гараждарды көшіру бойынша 2019 жылы 8 іс қаралып, бірі бітімгершілікпен аяқталса, екіншісінде заңсыз әрекетке барған гараж иесі жауапқа тартылды. Қалған 5 арыз қаралуда.
Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойында орналасқан 9 қабатты үйдің тұрғыны, кәсіби жүргізуші Олег Небывайлов арнайы алаңдардың жоқтығынан көлігін балалар ойнайтын алаңға қоюға мәжбүр екенін айтты.
– Үйіміздің маңайы қосалқы құрылыс нысандарына толып тұр. Көлігімізді қоятын жер болмаған соң көршілерімізбен ақылдаса отырып, балалар алаңының бір бөлігін автотұраққа айналдыруға мәжбүр болдық. Көлік жүргізушілерінің көбі жердің жетіспеуі салдарынан осындай қадамға барып отыр. Жергілікті әкімшілік пен құрылыс саласының мамандары автотұраққа жер белгілеуді қолға алмайынша, мәселе шешіледі деп айту қиын, – дейді ол.
Петропавл қаласының әкімдігі берген мәліметке сәйкес қазірде облыс орталығында 75 автотұрақ жұмыс істейді, бірақ олардың барлығы ақылы қызмет көрсетеді. Мұнда көлігін қалдырған тұрғындар тәулігіне 400 теңгеге дейін қаржы төлеуі керек.
Өркениетті елдерде көппәтерлі тұрғын үйлерді салу кезінде жер-асты автотұрағының болуы шарт. Үй аулаларында қосымша паркингтер мен коммуналды шаруашылық көліктері үшін арнайы жер учаскесі бөлінеді. Ал терезе алдындағы аумаққа үй қожайыны ғана көлік қоя алады. Бұл аумақта өзге адамның көлігі тұрған жағдайда “темір тұлпар” иесіне айыппұл салынады. “Тасымалдаушылар және жолаушылар одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Абраев такси жүргізушілеріне аулаға кіріп-шығу көп қиындық туғызатынын алға тартады.
– Көліктерін ақылы автотұраққа қоюға мүмкіндігі жоқ тұрғындармен қоса, автотұрақта орны барлар да көп жағдайда “темір тұлпарларын” аулаларға қойып кетеді. Есесіне қаладағы көптеген автотұрақтар бос тұрады. Аулаларда жылдар бойы қараусыз тұрып қалған көлік құралдары да жоқ емес. Бір шара қолданылмаса, жағдайдың ушығатыны белгілі. Сондықтан мәселені шешу үшін көлікті тұраққа қоюдың жеке ережесі әзірленуі тиіс деп ойлаймын, – дейді ол.
Аулада көліктерге арналған жердің тапшылығы салдарынан өрт сөндіру қызметінің техникасы да апат орын алған жағдайда діттеген жеріне жақындай алмайды.
– Көппәтерлі үйлердегі өртті сөндіру үлкен мәселеге айналып барады. Өртсөндірушілер оқиға орнына лезде жете алмай жатады, – дейді Петропавл қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бастығы Дмитрий Растихин. Жуырда өртсөндірушілер Петропавлдағы Букетов көшесі, 18 мекенжайы бойынша көпқабатты тұрғын үй ауласына кіре алмай, кідіріп қалған. Олар үйдің кіреберіс жолына орнатылған металл қоршауды әрең дегенде бұзып, ішке енген. Абырой болғанда, 5-інші қабаттың тұрғындары өрттен аман қалып, тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды.
Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, жаңа тұрғын үйлерді салу кезінде автокөліктерге арналған алаңдардың болуы басты талаптардың бірі.
– Бүгінде жан-жақтан ағылған көліктер орталық көшелердің, тұрғын үйлер маңының аумағын тарылтып отыр. Соның салдарынан тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар аз емес. Жаңа көппәтерлі тұрғын үйлерді салу кезінде бұл жөніндегі ұсыныс-талаптар ескерілетін болады. “Береке” шағынауданында тұрғызылған көппәтерлі үйлер маңы барлық талаптарға сәйкес жабдықталған, – дейді мамандар.
Жыл өткен сайын көлік саны көбеймесе, азаймайтыны анық. Сондықтан “темір тұлпарлардың” тұратын орнын анықтап, ережесін бекітіп алу – уақыт күттірмейтін мәселелердің қатарынан.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.