«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек”, – деп халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, өскелең ұрпаққа артылар үміт қашанда жоғары болған. Сондықтан бүгінде жастарға білім алып, жақсы маман иесі атану ғана емес, қоғамдық өмірге белсене араласып, жан-жақты болу талабы да қойылып отыр. Сәйкесінше, оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да зор. Әсіресе, “Жастар жылының” аясында өскелең ұрпақ көшбасшылық танытып, жарқын болашаққа қарай қадам басуы тиіс.

“Жастар жылында” оларды еңбекпен қамтып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға көмек берілетін болады. Осыған орай облыстық жастар бастамалары орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұрады. Сондай-ақ, техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру мекемелеріне оқуға түсу мәселелері бойынша жастарға бірыңғай “Сall-орталық” қызмет көрсетеді. Орталықтың жанынан ашылған еріктілер клубына қазіргі таңда 250-ден астам студент пен жұмысшы жас мүше. Клубқа жұмыссыз жастарды тарту бойынша ақпараттық кездесулер ұйымдастырылуда.
“Жастар жылы” аясында студент, жұмыссыз, мамандығы жоқ жастарды құрылыс нысандарына орналастыру бойынша өңіріміздегі құрылысшылар қауымдастығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Оған сәйкес жастардың құрылыс жасақтары құрылатын болады. Ал облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасымен жасалған меморандум аясында өңіріміздегі кәсіпорындарда жастар істері жөніндегі бөлімдер ашылады.
Үстіміздегі жылы “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының аясында 500-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, маусым-тамыз айларында 16-29 жас аралығындағы 665 өрен “Жасыл ел” еңбек жасағының қатарында жұмыс істейді. Жастардың бос уақытын ұйымдастыруда 15 кітапхана базасында ашылған коворкинг орталықтардың да маңызы зор. Демалыс орындары мен Мәдениет үйлерінде кешкі уақытта жастар үшін үстел ойындары, бейнефильмдер көрсетілімі, ән кештері ұйымдастырылмақ.
“Samuryq” жастар форумы, Жастар ауылы, пікірталас және көңілді тапқырлар алаңы ойындары, “Баста – 2019” марафон квесті, шеберлік-сағаттары, аспан астындағы мұражайларға саяхат сияқты іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Биыл “Отан қорғаушы” жастардың әскери-патриоттық клубтарының слетін “Әскердегі бір күн” акциясымен алмастыру көзделіп отыр.
Былтыр өңір жастарының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтендіруге бағытталған ұзақмерзімді жоба іске қосылған болатын. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тәуекелді топтағы балалармен, жас және жалғызбасты аналармен байланысты нығайтуды көздеп отырмыз.
“Жастар жылына” орай тың идеялы жастардың стартап жобаларының көрмесі, “І-vent” инновациялық және ауыл шаруашылығы мамандарының “Жастар. Ауыл. АӨК” өңірлік форумдары, киберспорттан облыстық байқау, отбасылық құндылықтарға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрғандарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары жүзеге асырылмақ.

 

Гүлдана РЫСБАЕВА, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың  бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp