Жапонияның Йокогама қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан эстафеталық жарыс түрлері бойынша додада ел құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, Дохада болатын әлем чемпионатының жолдамасына қол жеткізді.
ЖЕҢІЛ АТЛЕТТЕР ЖАРАП ТҰР
Қазақстан командасының сапында Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Ольга Сафронова, Элина Михиналар сынға түскен болатын. Біздің спортшылар өз тобында мәреге бесінші болып келсе, жалпы есепте 10-шы орынды иеленді. Бұл – 2019 жылдың 28 қыркүйегінде Катардың Доха қаласында жалауын көтеретін әлем чемпионатына қатысу үшін жеткілікті нәтиже.
ЗАРИНА — ЕКІНШІ!
Зарина Дияс Жапонияның Фукуока қаласында өткен “Fukuoka International Women’s Tennis” турнирінде екінші орынға ие болды.
Қазақстандық теннисші ақтық сында ұлыбританиялық Хезер Уотсонға есе жіберді. Екі сетке созылған кездесу 7:6, 7:6 есебімен қарсылас пайдасына шешілген.
Әлемнің 98-ші ракеткасы атанған Зарина Дияс бірінші айналымда алдымен австралиялық Элисон Байды жеңсе, одан кейін корт иелері Ману Аюкава мен Рису Озакадан басым түсті. Ал жартылай финалда канадалық Ребекка Мариноны жарыс жолынан шығарып тастады. Бірақ әйгілі ағылшын теннисшісі Хезер Уотсонға есе жіберді.
ҚОРЖЫНДА — ТӨРТ АЛТЫН
Нұр-Сұлтан қаласында велотректен “Silk Way Series Astana” халықаралық турнирі аяқталды.
Турнир барысында қазақстандық спортшылар төрт алтын медальға қол жеткізді. Алғашқы жарыс күнінде Роман Василенков жеңімпаз атанса, команда үздігі Артем Захаров күміс еншіледі. “Мэдисон” бойынша Артем Захаров пен Сұлтанмұрат Мірәлиев жұбы топ жарса, Әлішер Жұмақан мен Роман Василенковтің қанжығасында – қола жүлде. Күтпеген алтын медаль “кейриннен” келді. Қазақстандық Павел Воржев алты дүркін Олимпиада чемпионы, ұлыбританиялық Джейсон Кенниден, сондай-ақ, әлем чемпионатының жүлдегері ресейлік Павел Якушевскийден озып кетті. Топтық жарыста Сұлтанмұрат Мірәлиев алтыннан алқа тағынса, Асылхан Тұрар күміс медаль иеленді.