Явленка ауылындағы Есіл аудандық полиция бөлімінің ғимаратында аудандағы ең алғашқы ішкі істер органының мұражайы ашылды. Оның тұсау кесу рәсіміне аудан әкімі Ербол Сағдиев пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция подполковнигі Марат Төлебаев қатысты.
Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ғалым Байжанов мұражай қорын жинақтау үшін тәртіп сақшылары аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен бірге бірнеше ай бойы аудан аумағында еңбектенген кеңес милициясы мен қазақстандық полиция қызметшілерінің қарулары мен қызметтік формаларын, құрал-жабдықтарын, жеке заттары мен фотосуреттерін, ат әбзілдерін жинағанын айтты. Осылайша бүгінде мұражай сөрелерінде жүзден астам құнды жәдігер жинақтаулы тұр. Олардың ішінде ерекше көзге түсетіні – қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан Павла Заикин мен Ұлы Отан соғысына қатысқан Василии Малышевтің сирек фотосуреттері мен наградалары.