Қызылжарда “Amanat music” ІІ халықаралық байқау – фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ұстаз Сәуле Жанпейісованың жетекшілігімен ашылған “Аманат өнер орталығы” ұйымдастырған айтулы додаға өңірімізден жиырма бес үміткер қатысты. Алты аталым бойынша сынға түскен қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Балалар мен жастар арасында жаңа дарындарды анықтап, өнерпаздарға шығармашылық қолдау көрсету, өскелең ұрпақты патриоттық, азаматтық, мәдени-эстетикалық тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында қолға алынған бұл байқау биыл екінші мәрте ұйымдастырлып отыр. Сайыстың биылғы кезеңіне қатысқан 5-21 жас аралығындағы өнерпаздар дәстүрлі ән, жыр-терме, халықтық ансамбльдер, аспапта орындау, вокал, актерлік өнер, ұлттық би бойынша бақтарын сынады.
– Жер-жерде дарынды ұл-қыздар көп. Оларға қолдау көрсетіп, шығармашылықтарын шыңдау керек. Облыстық іріктеу кезеңінде әр аталым бойынша бас жүлде мен бірінші орын алған өнерпаздар республикалық байқауға жолдама алады, – деді байқау қатысушыларының өнерін бағалауға келген ұйымдастырушылардың бірі Сәуле Жанпейісова.
Бас жүлде мен бірінші орын алған өнерпаздар маусым айының соңында Алматы қаласында өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғайтын болады.