«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРМЕҢКЕ – ЖОЛ БАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде жастарды жұмыспен қамтуға жан-жақты қолдау көрсетіліп, көмек беріліп келеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Түлек – 2019” атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған дәстүрлі шараға өңірімізден 200-ге жуық ұйым мен кәсіпорын қатысты.

Университеттің академиялық қызмет департаменті директорының орынбасары Наталья Побежук атап өткендей, жыл сайын түлектерді жұмыспен қамту мақсатында осындай шаралар ұйымдастырылады.
– Біз түлектеріміздің жұмысқа орналасуына мүдделіміз. Сондықтан осындай шараларды жүйелі ұйымдастырып келеміз. Осымен оныншы рет қолға алынған жәрмеңкенің өткізілу уақытына өзгеріс енгізіп, студенттер мен жұмыс берушілер үшін тиімді диалог алаңын құрдық. Бүгінде біздің университетіміз түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орында, – деді жоғары оқу орнының өкілі.
Жәрмеңкенің алғашқы күні педагогикалық мамандықтар ұсынылды. Биыл бұл бағытта 331 түлек жоғары оқу орнын тамамдайды. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда өңіріміздің білім ошақтарында 521 бос жұмыс орны бар. Өңір мектептерінде математика, шет тілі, орыс тілі мен әдебиеті және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері тапшы. Сондықтан осы мамандықтарды меңгерген студенттерге жұмысқа орналасу қиындық тудырмайды. Сондай-ақ, биылдан бастап ауыл мектептерінде жұмыс істеуге ниетті жастарға 170 мыңнан астам көтермеақы мен үй алу үшін жеңілдетілген несие беріледі.
Ал келесі күні жергілікті мемлекеттік органдар, ірі кәсіпорындар, қаржы институттары және басқа да ұйымдар әлеуметтік-экономикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқыған түлектерге жұмыс ұсынды. Олардың қатарында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілдері де болды. Филиал директорының орынбасары Қанат Тайбеков жыл сайын жас мамандарды жұмысқа қабылдайтындарын айтты. Бүгінгі күні филиалға 26 маман жетіспейді.
Шараға екі қолға бір күрек іздеп келгендердің бірі – Әділ Бейсембаев. Жоғары оқу орнының студенті есеп және аудит мамандығын меңгерген. Ол бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің жастардың болашағына жол ашатынын жеткізді.
Үстіміздегі жылы аталмыш университеттің 800-ден астам студенті қолына дипломын алып, жас мамандардың қатарын толықтырмақ.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp