Суретші, монументалді сурет өнерінің негізін қалаушылардың бірі, педагог Қанафия Темірболатұлы Телжанов 1927 жылы Уәлиханов ауданындағы Толбухин ауылында (қазіргі Телжан ауылы) дүниеге келді.
Суретшілік өнерге деген қабілет-икемі бойынан ерте байқалған ол 1937 жылы КСРО Суретшілер академиясының суретшілер мектебіне қабылданады. Он жылдан соң Алматы көркемсурет училищесін, 1953 жылы Ленинград көркемсурет, скульптура және архитектура институтын бітіреді. Бұдан кейін Алматы театр-көркемсурет училищесінде оқытушы, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақ көркемсурет галереясының директоры қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, Қазақ ұлттық өнер академиясында кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1955 жылы Мәскеудің Третьяков галереясына қойылған “Жамал” шығармасымен бүкіл әлемге танылды. Сериялы “Еңбек адамдары” туындысы арқылы қазақ сурет көркемөнеріне үлкен үлес қосты. Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. “Парасат”, “Құрмет белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту” ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. 2013 жылы дүниеден өтті.