Бала күнімізден айнымас серігімізге айналған “Soltustik Qazaqstan” газеті ғасыр жастың төріне озғалы отыр. Осы жылдар ішінде басылым ұлт жанашырына айналды десем, сөзімді жоққа шығаратын адам табыла қоймас. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды Алаш жұртының асыл перзенттері іргесін қалаған “Soltustik Qazaqstan” газеті өмір көшіне ілесіп, уақыттың жүгін көтеріп, заман тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеп, ел-жұртының мақсат-мүддесіне қызмет етуден әсте бір жалыққан емес.
Газеттің жанашыры – тұрақты оқырмандар. Әсіресе, ақпараттық технология қарыштап дамыған уақытта газет пен кітап қажет емес деп адасып жүргендер аз емес. Теріс ойдың жетегіндегілермен күресіп, еліміздің ертеңіне жанашырлық таныту журналистердің ғана емес, жүрегі елім, жерім деп соғатын әрбір қазақтың асыл міндетіне айналуы керек. Соңғы жылдары сүйікті газетіміздің таралымы азайып кеткені бізді де алаңдатып отыр. Азаттық алғанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ қазақ баспасөзінің қарашаңырағы атанған “Soltustik Qazaqstan” газеті төрге озудың орнына, таралымы кеми түсуде. Ал оқырмандардың азаюы бұл ұлтымызға, тілімізге, жастардың тәрбиесіне төнген қауіп деп ойлаймын. Егер осылай жалғаса берсе, арты үлкен қиындықтарға ұрындыруы мүмкін. Тәуелсіз елдің, ұлан-байтақ жердің иесі бола тұра, өңіріміздегі жалғыз қазақтілді басылымның осылайша өгейлік көріп отырғаны әрқайсымызды ойландыруы керек.
Шал ақын ауданының ардагерлері осындай жауапты шақта үнсіз қалуды жөн көрмеді. Салиқалы сөзі, салмақты ойы бар газетті таратуға ауданның алдыңғы толқын өкілдері білек сыбана кірісуде. Біз өз арамыздан ынталы топ құрдық. Бағдат Шәкенов, Тұрар Оразалин, Бекет Жүсіпов, Самат Ғабдуллин, Жұмабек Еңсегенов, Хамит Найманов, Сайлау Мапенов – “Soltustik Qazaqstan” газетінің жанашырлары. Бұл топтың құрамында мен де бармын. Ынталы топқа өңірімізге белгілі кәсіпкер Талғат Теменов жетекшілік жасайды.
Бүгінгі күні мерзімді баспасөздің екінші жартыжылдығына жазылу жүріп жатыр. Ел азаматтары қол ұшын созбаса, ертең кеш болып қалуы мүмкін. Намысымызды қамшылайтын сәтті жіберіп алмайық, ағайын!
Ғабит ҚОҢЫРБАЕВ, еңбек ардагері.
Шал ақын ауданы.