«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде кәсіпкерлікке қадам басқан жастар қатары күннен күнге артып келеді. Олар ізденістің арқасында табыстың кілтін, берекелі істің көзін табуда. Өзінің туған ауылында сұлулық салонын ашып, тұрғындардың алғысына бөленген жандардың бірі – Динара Омарова.

Ол Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылының тумасы. Мектепті тамамдаған соң Семей қаласындағы колледжге түсіп, шаштараз мамандығын меңгерді. Осылайша, он жылға жуық әсемдік салондарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Өткен жылы жүрек түкпіріндегі арманына қол жеткізуді ойлап, аудандық кәсіпкерлер палатасына барады. Сөйтіп, “Бастау” жобасы аясындағы оқу курсына жазылады.
– Бизнеспен айналысуға біраз уақыт жүрексініп жүрдім. Бірақ уақыт жоғалтудың соңы өкінішке ұрындыратынын ұққаннан кейін аталмыш палатаның табалдырығын аттадым. Бұл ретте филиал мамандары өз ісін ашқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау зор екенін айтып, бизнес-жоспар құруға көмектесті. Нәтижесінде 240 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алдым. Алайда, бұл сома кәсіп бастауға жеткіліксіз болған соң несие алуды жөн көрдім. Маған “Бастау” жобасының бизнес-жаттықтырушысы Дмитрий Шледевиц, аудандық филиалдың директоры Олжас Әбілмәжінов және кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшісі Гүлім Имашева көмек қолын созып, қамқорлық көрсетті. Ал жергілікті атқарушы орган салон орналасқан ғимаратқа электр және су тартып берді, – дейді жас кәсіпкер.
Филиал мамандарының көмегімен бойжеткен “Кәсіпкер” бағдарламасының аясында “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 1,4 миллион теңге несие ресімдеді. Кәсіпкер осы және өзі жинаған қаражатқа қажетті орын мен жиһаздар, жабдықтар сатып алды. Сондай-ақ, оның жанында Гүлмира есімді көмекшісі бар. Бүгінгі таңда сұлулық салонының қызметін пайдаланушылар көбейіп келеді.
Еңбекқор жанның кәсібі сұранысқа ие екенін ескерсек, оның алар асуы, бағындырар белесі биік болары сөзсіз.

Мұхтар ХАҚНАЗАР.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp