Президент сайлауына қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған “Аманат” азаматтық платформасы республикалық штабының өкілдері өңірімізге келді. Олар тәуелсіз бақылаушылар үшін тренингтер өткізіп, сайлаушылар мен бақылаушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруде.
Республикалық штаб өкілдері ұйымдастырған тренингке отызға жуық солтүстікқазақстандық қатысты. Сайлаудың әділ әрі ашық өтуін тәуелсіз бақылауға ниет білдірген азаматтарға алдымен платформа жұмысының басты бағыттары түсіндірілді. Платформа аясында теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім және сенім қағидаларына сәйкес жұмыс істеу қарастырылған. Барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен, Орталық және жергілікті сайлау комиссияларымен және атқарушы органдармен, Жоғарғы сотпен, Бас прокуратурамен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен әріптестік байланыс орнатылды.
– Азаматтық платформаның тұжырымдамасын әзірлеуде халықаралық тәжірибеге сүйендік. Осыған дейін Нұр-Сұлтан, Орал, Көкшетау сияқты бірқатар қалаларда болып, осындай тренингтерді өткіздік. Біздің негізгі мақсатымыз – сайлау барысында азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қадағалау, – деді “Аманат” азаматтық платформасы республикалық штабы жетекшісінің орынбасары Шыңғыс Лепсібаев.
Бақылаушылар өз міндеттерін заңға сәйкес атқарып, сайлауға қатысушыларға бөгет жасамауға тиіс.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.