«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізден 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа қару ұстауға қауқарлы азаматтың барлығы аттанғаны белгілі. Майдан даласында Отан қорғағандардың қатарында әкеміз Қожабек Сүлейменұлы да болды.

Ол 1909 жылдың 17 мамырында қазіргі Шал ақын ауданының Социал ауылында дүниеге келген. Атамыз Сүлеймен діни сауатты адам болғандықтан, әкеміз оның алдынан білім алған. Кейін мектепке барып, өз қатарластарымен бірге оқуын жалғастырады. Бала кезінен алғыр болған әкеміз ұстаз болуды армандайды. Ауыл мектебін тамамдаған соң Петропавл қаласындағы қазіргі М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге сырттай оқуға түседі. Еңбек жолын 1934 жылы Шал ақын ауданындағы Кеңес бастауыш мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі болып бастайды. 1935-1942 жылдар аралығында Өрнек, Бірлік, Жаңаталап, Алқаағаш ауылдарында мұғалімдік және басшылық қызметтер атқарады.
Ел басына күн туғанда ол көпшілікпен бірге қиындықты еңсеруге ұмтылады. Осылайша, 1942 жылдың қаңтар айында майдан шебіне аттанады. Сол жылы шаһарда жасақталған 358-ші атқыштар дивизиясымен Ашхабад қаласына барып, сонда үш ай арнайы дайындықтан өтеді. Бұдан кейін Сталинград қаласына жіберіліп, соғысқа кіреді. Майдан даласында жүріп, ажалмен талай рет бетпе-бет кездескен ол Курск иінінде болған үлкен ұрыста жарақаттанып, госпитальға түседі. Жарасы жазылған соң майданға қайта оралып, кезекті ұрыстың бірінде екінші рет оң қолынан жарақат алады. Бұл 1943 жылдың қыркүйек айы болатын. Жау оғынан екі рет аман қалған әкеміз майдан даласындағы ерліктері үшін “Екінші дәрежелі Отан соғысы” орденімен, “Германияны жеңгені үшін”, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медальдарымен марапатталады. Осылайша, ол 1944 жылдың ақпан айында сұрапыл соғыстан мүгедек болып елге оралды.
Қиян-кескі ұрыста талай қиындықты бастан кешірген азамат елге оралған соң Социал ауылының мектебінде мұғалімдік жолын жалғастырады. Аталмыш мектепте 1955 жылға дейін директор қызметін атқарған ол Сейтен Сауытбеков, Қабжан Қосаев, Смағұл Ибраев, Қапаш Құрманғалиев, Кәкімжан Сейітқожин, Құрмаш Баязитов, Мариям Гумарова, Манап Бимақанов, Қайыржан Шоқатаев, Қабеш Тастанбеков, Мұқамедия Әбішев сияқты ұстаздармен бірге еңбек етіп, білім саласында өз қолтаңбасын қалдырды.
Әкеміз әрдайым бала тәрбиесіне зор мән беріп, оларды білімге баулуға талпынған адам. Ол “Шағын жинақты сыныптарды қатар оқыту” деген тақырыпта өз тәжірибесі бойынша баяндама жасап, 1954 жылы “Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері” төсбелгісімен, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Одан бөлек, қажырлы еңбегі еленіп, Білім министрлігінің мақтау қағазына ие болды. Талай жыл директор, ауылдық және аудандық кеңестерге депутат болған оның есімі ел-жұртының есінде.
Анамыз Қайныш Бижігітқызы да үйде қол қусырып отырмай, еңбекке араласты. Көктемгі егіс, күзгі орақ науқандарында қолмен бұрап айналдыратын құрылғымен бидай тазалауға атсалысты. Осындай адамдардан тәрбие көріп өскен біздер әке үмітін ақтау үшін қолдан келгенше аянбадық. Бүгінде бір ұядан қанат қаққан балалардың барлығы да жоғары білімді мамандар. Әке жолын жалғап, ұстаздықты таңдаған қызы Әсима Ленин орта мектебінде 40 жылдан астам уақыт математика пәнінен сабақ беріп, зейнет демалысына шықты. Ол – оқу ісінің үздігі. Ал Мүслима есімді қызы о дүниелік болып кетті, артында ұрпақтары қалды. Қызы Шолпан облыстық сауда мекемесінде есепші, қаржыгер болып, “Сокол” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде директордың орынбасары қызметін атқара жүріп еңбек демалысына шықты. Бүгінде ақ шашты ата-әже болып отырсақ та, құдды бала кезіміздегідей әке-шешемізді аңсаймыз. Сірә, бұл ата-анаға деген сағыныштың сазы болар.

 

Жаңбырбай ҚОЖАБЕКҰЛЫ,  Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp