Тайынша ауданындағы Новоивановка ауылында өнімдері негізінен экспортқа шығарылатын заманауи ет комбинаты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Чермошнян ауылдық округінде неміс технологиясымен бой көтерген кешенде малды сояр алдында ұстайтын орын, қасапхана, етті қайта өңдейтін, тоңазытатын және тағы да басқа қызметтерге арналған бірнеше цех бар. “EMC Agro” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаға 12 млрд. теңге қаржы құйған. Құрал-жабдықтардың барлығы да Еуропадан әкелінді. Нысан толық қуатты жұмысқа көшкенде жылына 15 мың тонна ет, 9 мың тонна шұжық өнімдерін дайындайтын болады. Кәсіпорында шығарылған ет өнімдері, негізінен, Ресейдің шекаралас облыстары мен алыс-жақын шетелдерге экспортталмақ.
Нысанды аралаған өңір басшысы ет комбинатының облыста соңғы кезде салынған ең ірі инвестициялық жобалардың бірі екенін атап айтты.
– Елбасы ауыл шаруашылығы саласындағы өңделген өнім экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Бұл нысан етті тереңдете өңдеп, экспортқа шығармақ. Әзірге Орталық Азияда баламасы жоқ кәсіпорынның жылына 5 мың тонна ет өңдеуге қуаттылығы жетеді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қазіргі уақытта бұл жерде 74 адам жұмыс істейді. Еңбекақылары орта есеппен 90 мың теңге шамасында. Зауыт толық қуатты жұмысқа көшкенде бұл жерде 164 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады.
Кәсіпорын директоры Қанат Атейбековтың айтуынша, кешен жыл соңына дейін Қытайға 2 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отыр. Шикізат мәселесін шешу мақсатында ет комбинаты жанында заманауи шошқа кешені салынған. Қазір мұнда 92 адам еңбектенуде.
– Кешенде 50 мың бас талпақ танауды семіртіп, жылына 5 мың тонна ет алу жоспарланған. Алдағы екі жылдың ішінде шошқа санын 100 мыңға жеткіземіз. Сондай-ақ, жем-азық зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Бір-екі айдан кейін дәл осындай тағы бір кешеннің құрылысын бастағалы жатырмыз, – дейді Қанат Әкімжанұлы.
Тайынша ауданына сапары барысында Құмар Ақсақалов көктемгі егіс барысымен де танысты. Облыс әкімі ат басын бұрған “Степноишим тәжірибе стансасы” ЖШС-і 14 мың гектарға бидай, 500 гектарға арпа, 5,8 мың гектарға майлы дақыл себуде. Қазіргі уақытта танап басындағы 18 егістік кешені дәнді дақылдардың – 28, ал майлы дақылдардың 80 пайызын сіңіріп үлгерген. Сонымен қатар 2,5 мың гектарға соя егу жоспарланған.
Серіктестік басшысы Павел Рафальский жанар-жағармайдан тапшылық жоқ екендігін, жұмысты екі ауысыммен ұйымдастырып жатқандықтарын айтып берді. Жолдың екінші жағындағы танапқа рапс егілуде. Өткен жылы бидайдың өнімділігі гектарынан 20 центнерді, ал жасымықтың берекелiлігi 14-15 центнердi құраған. Шаруашылықта рапстың шығымдылығы 27 центнерге жетіп, оның әр тоннасы 130 мың теңгеге сатылған.
Құмар Ақсақалов ауыл еңбеккерлеріне алқаптарды барынша тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.
– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ауыл шаруашылығына тәуелді. Біздің облысымыздың жері құнарлы. Сондықтан сапалы бидай өсірумен қатар, мал шаруашылығы мен ет өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беру қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.