«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКРАНДА ДА ЖҰЛДЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шет мемлекеттерде спорт саңлақтарының үлкен кино экраннан жиі көрінуі тамаша дәстүрге айналды.
Бұл үрдіс сонау ХХ ғасырдың отызыншы жылдары “Тарзан” фильмінде басты рөлді ойнаған 5 дүркін Олимпиада жеңімпазы, әлемдік рекордты 67 мәрте жаңартқан АҚШ-тың әйгілі жүзушісі Джонни Вайсмюллерден бастау алған деседі. Кезінде бұл кинотуындыны төрткүл дүние жұртшылығы тамсана тамашалаған еді.

Одан кейінгі жылдары Брюс Ли, Арнольд Шварценеггер, Карим-Абдул Джаббар, Микки Рурк, Жан Клод Ван Дамм, Чак Норрис, Стивен Сигал, Дольф Лундгрен, Майк Тайсон және тағы басқа саңлақтар түрлі фильмдерге түсіп, сан миллион көрерменнің көзайымына айналды.

Қазақстанның атақты спортшылары арасында да кино саласында бағын сынаған азаматтар аз емес. Солардың бірі – әйгілі боксшы Әбдісалан Нұрмаханов. 1950-1960 жылдары аралығында алыптармен ай­қасқан қазақтың нар тұлғалы ұлы КСРО чемпионаты мен КСРО халық­тары спартакиадасында бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, Африка мен Азия ойындарында жеңімпаз атанғаны жанкүйерлер жадында. Кезінде спорт майталманы “Қазақфильм” акционерлік қоғамы түсірген “Көгілдір маршрут” атты фильмде басты рөлді сомдағанын біреу білсе, біреу білмейді.
Алпысыншы жылдары КСРО кубогының иегері әрі екі дүркін чемпионы атанып, бірқатар халықаралық турнирлерде топ жарған Әбдірашит Әбдірахманов та өзін тек мықты боксшы ғана емес, дарынды актер ретінде мойындата білді. Ол 1970-2003 жылдар аралығында жиырмадан астам көркем фильмге түсті. Солардың арасынан “Ақ квадрат”, “Тройной прыжок пантеры”, “Тигр снегов”, “Балкон”, “Клещ”, “Азиат”, “Отырардың күйреуі”, “Боранды бекет”, “Ермак”, “Ба Ба Бу” және “Каждый взойдет на Голгофу” фильмдерін атауға болады. Кезінде бұл туындылардың барлығы да көрермендер көңілінен шыққан еді.
Қазақ боксының мақтанышы, Мәскеу Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы, Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Қонақбаев та кино саласында өзін шаршы алаңда жүргендей еркін сезінді. 1986 жылы экранға шыққан “Вонг ханымның құпиясы” атты шытырман оқиғалы фильмде ол Болат есімді әскери теңізшінің рөлін сомдады. Сценарийге сәйкес ол қарақшылармен аянбай айқасып, талай адамды ажал тырнағынан алып қалды. Бұл фильмде Армен Джигарханян, Александр Абдулов, Ирина Мирошниченко, Александр Пороховщиков, Евгений Жариков, Болат Бейшеналиев, Наталья Гвоздикова, Марина Левтова және тағы басқа танымал актерлер ойнады. Сол тарландардың барлығы да Серік Керімбекұлының актерлік шеберлігіне аса жоғары баға берген еді.
1968 жылы Шәкен Аймановтың атақты “Тақиялы періштесі” көрерменге жол тартты. Алматыдағы “Медеу” мұз айдынындағы сүйкімді спортшы қыздың бейнесі көрермендер жадында. Сол ару өзіміздің жерлесіміз, конькиден дүниежүзілік универсиада мен КСРО біріншілігінің қола жүлдегері Людмила Воронина еді.
Шығыс жекпе-жегінің хас шебері, муайтай мен ушудан көптеген халықаралық додаларда жүлде алған Фархад Аманқұлов “Сұлтан Бейбарыс” фильмінде Мысыр елінің болашақ билеушісінің құлдықта жүрген кезін сомдады. Одан бөлек, “Прыжок афалины” және “Бақсы” фильміне түсті.
Десек те, жоғарыда аталған азаматтардың барлығынан да Мұстафа Өзтүріктің шоқтығы биік екенін мойындауымыз керек. Германияда туып-өскен қандасымыздың жекпе-жек өнерінде бағындырмаған биігі жоқ. Өзінің қысқа ғұмырында Мұстафа Өзтүрік 60-тан астам фильмге түскен екен. Солардың дені шығыстың жекпе-жек өнерін насихаттауға бағытталса, кейбірінде ол қазақтың тектілігі мен табандылығын, батылдығы мен батырлығын, намысқойлығы мен қайсар рухын әлем жұртшылығына паш етуді мақсат тұтты.

 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp