«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНША ЖЫЛҒА ЖАЛҒА АЛДЫҢ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Терезеден сыртқа көз тастасам, үйдің маңындағы саяжолдың көп орындығының бірі шалқасынан құлап жатыр. Желдің екпінінен құлайтындай жеңіл орындық емес еді. Әрі жерге темірмен бекітіліп орнатылғанын өз көзіммен көргенмін. Не болса да, “Тепсе темір үзетін” бір “мықтының” тындырған шаруасы екені анық. Ал анасымен серуендеп жүрген көршінің үш жасар қызы орындықты орнына қоймақшы болып бір бұрышынан тартып әлек.

Қайбір жылдары облыс орталығына шыны аялдамалар орнатылып, бұзақылар бірінен соң бірін қиратып, иесіз қалған үйдің терезесіндей қылып еді. Бар жаңаның астаң-кестеңін шығаратындардың бұл ессіздігіне тоқтау жоқ. Содан да болар, майысқан көше шамын, тоңқарылып жатқан орындық, қоқыс шелегі, сынған не боялған шағын сәулет мүсіндерін көрсек, “Бұл не сұмдық?” деп кейімек түгіл, назар аудармайтын болдық. Тіпті, қаланы абаттандыру мақсатында жаңашылдық енгізіп жатса, “Бұл қанша күн тұрады екен?” деген ой қылаң беретіні жасырын емес.
Өткен жылы орталық алаңға смарт-орындықтар, Кәрім Сүтішев көшесінің бойына шахмат орнатылды. Келесі күні смарт-орындықтардың сол түні қирағаны жайлы хабар тарады. Қызылжарлықтардың ермегіне айналған шахматтың да дәурені ұзаққа бармады. Фигураларын жау шапқандай қылды. Жуырда қала басшылығы смарт-орындықтар мен шахматтар жөнделгеннен кейін қайта орнатылатынын айтты. Бұл жолы да “Енді қанша күн тұрады екен?” деген сұрақ көкейге оралды. Ал мына орындық қанша күн осылай жатады екен деген оймен мен де баламды алып далаға шықтым. Есік алдында бірінші кіреберісте тұратын таныс апа кездесті.
– Сендердің кіреберістеріңде туысым тұрады, соған келіп едім, іші тап-таза. Лифтінің ішінде ілулі тұрған жарнама тақтасы сол қалпы. Тіпті, анықтама қызметтерінің телефон нөміріне дейін жазып, іліп қойыпсыңдар, – деді.
– Оған неге сонша таңдандыңыз?
– Біздің кіреберістің ағаш есігін сындырып, қабырғаға сүйеп қойды. Сыртқы есік темір болғасын ғана шыдап тұр. Тазалық жайлы, тіпті, айтқым келмейді.
– Есікті кім сындырса, соған жөндетпейсіздер ме?
– Сындырған адамды іздеп жатқан ешкім жоқ. Есік қабырғаға сүйеулі бірнеше күн тұрды. Сосын, осы жазда ауылдан бір ақсақал көшіп келген. Сол кісінің баласы есікті жөндеп, қайта ілді. Қазір тәртіпті әлгі ақсақал қадағалап жүр. Сендерде пәтер иелері өздері тұратын шығар. Бізде тұрғындардың тоқсан пайызы – пәтерді жалға алушылар, – деді.
Осы кезде санама саңылау түскендей болды. “Менікі емес, үкіметтікі” деген бұрынғы түйсік сейілмек түгіл, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан екен-ау. Жақсылыққа да, жамандыққа да немқұрайдылықпен қарайтын қазіргі буынның жаны ашымастығына қарап, “Мына елді қанша жылға жалға алдың?” деп сұрағың келеді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp