Соңғы жылдары облысымызда кәсіпкерлік нысандарының саны артуда. Бұған “Бастау” жобасының игілігін көріп, өз кәсібін ашу немесе оны кеңейту мүмкіндігіне ие болған солтүстікқазақстандықтардың қалыңдай түсуі себеп болуда. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша комиссияның төрағасы Александр Бердниченконың айтуынша, өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласында тәуекелге бел буып, өз ісін ашып жатқан азаматтар “Бастау” жобасына арқа сүйейді.
– Қазіргі уақытта 13 ауданның 345 тұрғыны екінші кезең аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде. Оқуды табысты аяқтаған азаматтар мамыр айының соңында жеке кәсіптерін ашуға қажетті мемлекеттік гранттар мен жеңілдігі бар несиелерге қол жеткізеді. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 1189 грант қарастырылған, – деді комиссия төрағасы.
Өткен жылы палата мамандары “Бастау” жобасы аясында 2060 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне үйреткен. Нәтижесінде қатысушылардың жартысынан астамы бизнес-жобаларын сәтті қорғаса, 551 азамат мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Курстан өткені жайлы сертификат алған жоба қатысушылары тарапынан негізінен қара мал, құс өсіру, құрал-жабдық сатып алу бойынша өтініштер түскен.
Мұндай мүмкіндікті сәтті пайдалана білген солтүстікқазақстандықтардың бірі – Федор Кваченко. Айыртау ауданының тумасы соңғы уақытқа дейін үй жиһаздарын құрастырумен айналысатын цехта жұмыс істеген. “Бастау” жобасы аясында арнайы оқудан өткен азамат енді өз кәсібін ашып, пайдаға кенелуде.
– Кәсіпкерлікке келгеніме өкінбеймін. Нәтижесінде жиһаз жасайтын цех аштым. Осы орайда қысқамерзімді оқудың көп пайдасы тигенін атап айтқым келеді. Тәжірибесі мол бизнес-жаттықтырушылар маркетинг, салық заңнамасы бойынша дәрістер оқыды. Сондай-ақ, бизнес-жоспар әзірлеуге көмектесіп, қаржы алғанға дейін қолдау көрсетті, бизнесті жүргізу бойынша қол ұшын берді. Бұл көмек үшін алғысым шексіз, – дейді Федор Кваченко.
Қолына сертификат алған айыртаулық қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, екінші деңгейлі банктердің бірінен 6 млн. теңге несие рәсімдеді. Бұған өзінің қалтасынан тағы 5 млн. теңге қаражат қосқан. Бұл қаржы қажетті құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алуға, ғимарат жалдауға жұмсалды. Ауыл тұрғыны бүгіндері үш ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.