Петропавл қалалық сотында өткен жылдың қараша айында пауэрлифтингтен Азия чемпионы 23 жасар Виктория Шестопалованы соғып кеткен қоғамдық көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, Виктория Шестопалова жаттығуға бара жатқан жолда ажал құшқан. Спортшы қыз желтоқсан айында Улан-Баторда өтетін Азия чемпионатына дайындалып жүрген еді. Жамбыл және Чайковский көшелерінің қиылысында бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан қызды бағыттық автобус жүргізушісі соғып кетті. Ол ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Айыпталушы осыған дейін жол-көлік ережесін бұзғаны үшін бес рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сараптама нәтижесі автобустың тежегішінде ақау болғанын көрсетті. Сот отырыстарының барысында куәгерлер де жүргізушінің бағдаршамның қызыл түсіне өткенін айтқан. Осыған орай судья Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтың атына жеке қаулы шығарды. Онда аталмыш іс барысында белгілі болған фактілерге назар аудару қажеттігі көрсетілген. Өйткені күнделікті қоғамдық көліктің қызметін пайдалатын қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігіне әсер етеді.
Жол көлік ережесін сақтамай, абайсызда адам өліміне себепкер болғаны үшін сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот залынан қамауға алынған ол жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде өтейді. Оның үстіне бес жылға жүргізуші куәлігінен де айырылды. Жалғыз қызынан айырылған ананың талабы ішінара қанағаттандырылып, автобустың иесі және жүргізуші зардап шегушіге 4 млн. теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.