Солтүстікқазақстандық құтқарушылар көлігі сынып қалған венгриялық саяхатшы Янош Гаражскиге қол ұшын созды.
Будапешт қаласының тұрғыны мотоциклін тізгіндеп Ресейдің Магадан қаласына жол тартқан. Алайда, Еуразия құрлығының мыңдаған шақырымын басып өткен жиһанкездің “темір тұлпары” Тайынша ауданының Чкалово ауылы маңындағы “Көкшетау – Омбы” автожолында кетіп бара жатқан кезде істен шығады.
Қуанышқа орай, бұл кезде Янош Гаражскиге облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары кезігеді. Жапан далада жалғыз қалған жолаушыға ведомствоның дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы Рүстем Жұмағалиев пен азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелін төмендету және бақылау басқармасы бастығының орынбасары Серік Наурызбаев көмекке келді. Олар мотоциклдің істен шыққан май сүзгісін ауыстырып, азаматтың Тайынша қаласына жетуіне көмектеседі. Сонымен қатар, құтқарушылар жолдан шаршаған жиһанкезге аудандық №17 өрт сөндіру бөлімінде дастарқан жайып, қонақжайлық танытты. Кейін олар қонақты мейманханаға орналастырып, аталмыш бөлімнің кезекші қарауылы мотоциклін техникалық байқаудан өткізді. Құтқарушылардың бұл жақсылығының арқасында таңертең саяхатшы сапарын жалғастырды.