Бүгінде өңірде глаукома, миопия, катаракта сияқты көз ауруларына шалдыққан 7 мың науқас есепте тұрса, оның 2,5 мыңға жуығы – жасөспірімдер мен балалар. Бұған дейін шетелге немесе басқа өңірлерге барып жүрген солтүстікқазақстандықтар енді Петропавлда еуропалық деңгейде жұмыс істейтін жоғары мамандандырылған офтальмологиялық диагностикалық кешенде ем-дом шараларын алу мүмкіндігіне ие.
Биыл пайдалануға берілген офтальмологиялық орталық қызметінесолтүстікқазақстандықтармен қатар, көрші Ресей елінің азаматтары да жүгінуде. 35 жатын орынға шақталған медициналық нысанға толықтай заманауи құрылғылар қойылған. Жылына 5 мыңдай науқасты қабылдауға қауқарлы. Мәселен, қант диабеті бар адамдардың көз аурулары лазер арқылы тез-ақ анықталады. Сол сияқты көздің тор қабығын, көру жүйкесі дімкәстігін жедел емдеу жолдары да қарастырылған.
Орталықтың меңгерушісі Жанна Лахинаның айтуынша, бұл – тәулік бойы емдеу, күндізгі стационар, жедел жәрдем қызметі, ота, лазерлік ота, диагностика қызметтерінің бір жерде болуы жағынан бірегей орталық болып табылады. Жобаның жалпы құны 500 млн. теңгені құрайды. Заманауи мекемеде барлық қызметтер тәулік бойы көрсетіледі. Ақылы қызметтерден бөлек, бірқатар оталар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін беріледі. Бұл мақсат үшін 340 миллион теңге бөлінген. Алдағы уақытта мұнда балалар офтальмология бөлімшесін іске қосу көзделген.