Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің жеңімпаздарымарапатталды.
Қалалық кезең нәтижесі бойынша белсенді өмірлік ұстанымымен, адал еңбегімен және үлгілі тәртібімен көзге түскен бес отбасы марапатқа ие болды.
Солардың бірі – ерлі-зайыпты Алтай Сұлтан мен Жазира Көкбасқызының отбасы. Екеуі де білім беру саласында абыройлы еңбегі үшін түрлі марапаттарды иеленген, өз ортасында сыйлы жандар. Бүгінде ұл-қыздары да өнер мен спорт саласы бойынша өткен халықаралық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп үлгерген. “Жұмысбастылығымызға қарамастан, балаларымыздың білімі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлеміз. Қазақтың әрбір ерлі-зайыптысы ұлағатты отбасын құруға, елдің мерейін асыруға талпынуы керек. Өйткені, қазақ халқы қашан да отбасылық құндылықтарды берік ұстанып, өнегелі өмір сүруге ұмтылды емес пе?!”, – дейді конкурс жеңімпазы Жазира Көкбасқызы.
Қалалық кезеңде жеңіске жеткен Габидуллиндер отбасының отағасы Ильнур Ілиясович электрмонтаждаушы қызметінен басқа жыл сайын “Долина” іздестіру экспедициясына қатысып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлерді анықтаумен айналысады. Оның жары Василя Фаридовна 2006 жылдан бері өнер колледжінде ұстаздық етеді. Өзге үш отбасы да өңіріміздің түрлі салаларында үздік қызметімен көзге түскен жандар.