«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРБОЛ ШАЙМЕРДЕНОВ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырын Қазақстан баспасөзі мен мәдениетіне, тіл саласының өркен жаюына арнаған белгілі ақын, публицист Ербол Шаймерденов тәуелсіздік кезеңінің куәгері ғана емес, жаңа заманды өз қолымен жасауға қатысқан ұлт руханиятының қайраткерлері қатарында есімі ұмытылмақ емес.

Елбасының алғашқы баспасөз қатшысы, көрнекті рәмізтанушы, белгілі қаламгер һәм журналист Е.Шаймерденов – мемлекетшіл мінезімен, қайраткерлік қасиетімен өз тұғырын қалап кеткен ерен тұлға. Елін сүйген, халқының мәдениеті мен тілін ұлықтап өткен тұлғаны мәңгі есте қалдырудағы тағы бір мақсатты қадам – өзі оқыған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Ербол Шаймерденов атындағы аудитория салтанатты түрде ашылды.

Заманауи құралдармен жабдықталған аудиторияның лентасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов пен ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин қиды. Ректор Ғ.Мұтанов өз сөзінде: «Ербол Шаймерденов салмақты мінезіне жанының жайсаңдығы жарасқан азамат еді. Қазақстанның төрт түкпірінің жақсылары оның жақыны болды. Ол кісімен бүкіл Түркияны бірге аралап, сапарлас болған күндерім әлі күнге жадымда жаңғырып тұрады. Әсіресе адамға ерекше әсер қалдыратын қасиеті – ол кісінің мемлекетшілдігі еді. Не жазса да, кіммен сұхбат құрса да, алдымен мемлекеттік тұрғыдан ойлайтын терең ойлы, кең жүректі азаматтығын байқамау, бағаламау мүмкін емес. Сондықтан Ербол секілді тұлғаларды жастарымызға үлгі етіп, өнеге тұту мақсатында өзі білім алған журналистика факультетінен арнайы аудиторияны ашып отырмыз. Біздің мақсатымыз болашаққа білікті мамандар тәрбиелеп қосу болса, осы аудиторияның қабырғасында өркениетке ұмтылған елдің қатарынан қалмауға ұмтылған, білімге құштар жастарымызға қайраткер азаматтың мағынаға толы өмір жолы өз тағылымын береді деп сенеміз», – деді.

Кең әрі жарық, жаңа аудиторияның жабдықталуына Е.Шаймерденовтің отбасы үлкен көмек көрсеткен. «Ербол Шаймерденов кім болды? Ел руханияты алдында қандай еңбегі бар?» деген сұраққа толықтай жауап беретін, тақырыптарға бөлінген қабырға мәліметі аса мол. Аудиторияда қайраткердің балалық шағынан бастап студенттік өмірі, журналистік қалыптасу жылдары, ақындық қыры, қайраткерлік келбеті, рәмізтанушылығы, аудармашылығы тұтас көрініс тапқан.

Жиында Ербол Шаймерденовпен бірге қызмет істеп, өмірдегі сәулелі сәттерін бірге бөліскен әріптес ағалары мен замандастарының естелігі, негізінен, бір арнаға тоғысып жатты. Талғамы биік, толғамы терең Е.Шаймерденовтің қай бағытта қызмет етсе де, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұқыптылықпен атқарғанын сүйсіне де, сағына да еске алды. Белгілі ақын Н.Оразалин оның ақын ретінде ерте көзге түскенін, «Пионер» журналында қызмет атқарып жүргенде, мектеп оқушысы болып жүрген оның алғашқы балауса өлеңдеріне сәт-сапар тілегенін, қайыңдар елінен шыққанШаймерденовтің қазақ поэзиясының қабырғалы шайыры болып қалыптасуына дейінгі шығармашылығының үздіксіз өсу кезеңінде болғанын ақын бақытына балады. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы «Ербол жасаған үш ерлік» деп, оның аударма саласында жасаған академиялық еңбегін, қалың орыс ортасында өскен болашақ қаламгердің қазақ тілінің қаймағы мен мәйегін бір адамдай сіңіріп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тілге деген сол құрметі мен жанашырлығын күреспен жалғастырғанын және біздің қоғамдағы рәмізтану ісін ғылым ретінде қалыптастарудағы еңбегін айшықты мысалдармен атап өтті. «Ерболға аудиторияның қажеті шамалы, аудитория ел ертеңіне жауапты жастарымыз үшін керек», – деп түйіндеді ол өз сөзін.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Рахман Алшанов мен Зәуре Аманжолова болмысы ерек тұлғамен етене жақын араласқандарын айтып, қайраткерлік қыры мен жазушылық жолы туралы жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Ал белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың тебіреніп отырып айтқан естелігі өз тағдырын ел мүддесімен еселеген Ербол Шаймерденовті ұмытпай, ұлықтауға жиылған басқосуды түйіндегендей болды. «Азаматтың бақыты неде деген сұрақ туар болса, азаматтың ең бірінші бақыты, өз еліне қызмет етуден басталады екен. Әрбір ұл мен қыз өз міндеті мен парызын лайықты атқара білсе, ұлт осал болмайды. Екінші бақыты – сол жасалған еңбекті, еңбек сіңірген азаматты елінің бағалай білуі. Жан-жақты қырымен ерте танылған Ербол о бастан даналыққа құштар еді. Өз еліне Ерболдай еңбек сіңірген азаматтардың аты мәңгі аталып жүргей, сонда ғана халық өз қалпынан биіктей түседі. Қазақстан биіктейді».

https://egemen.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp