Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта шинкиокушинкай каратэден халықаралық турнир өтті. Жарысқа еліміздің және Ресей Федерациясының қалаларынан келген 6 мен 15 жас аралығындағы 200-ден астам спортшы қатысты.
Додада өңіріміздің намысын 28 каратэші қорғады.
– Біздің федерация осыдан он жеті жыл бұрын құрылды. Бүгінгі таңда Петропавл қаласында және облыстың аудандарында жүздеген спортшы жекпе-жектің бұл түрімен шұғылданады. Олардың басым бөлігі – бәсі биік сайыстардың жеңімпаздары әрі жүлдегерлері, – деді облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Руслан Сәрсенбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша кумитэ бағдарламасында солтүстікқазақстандық Никита Савица жеңімпаз атанды. Глеб Ушаков, Жеңіс Құғабаев, Рахат Бейісов, Константин Шальковский мен Игорь Пипко бұл сында екінші орынға ие болды. Ал Зарина Рақымжанова, Ескендір Жапенов, Әмір Белогуб, Ұлпан Құрмашева, Артем Әбубәкіров, Станислав Фатеев, Анастасия Шмагнова және Рамазан Ықсанов үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, доданың ката бағдарламасында Әмір Белогуб, Глеб Ушаков, Рахат Бейісов және Ұлпан Құрмашева екінші және үшінші орындарды олжалады.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.