«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮТІМІ БАР ҮЙДІҢ ІРГЕСІ БЕРІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде  1758 көпқабатты тұрғын үй бар.  Олардың 89 пайызы кеңес үкіметі кезінде салынғандықтан, бүгінде тозығы жеткен. Ал үстіміздегі жылы орта мектепті тамамдаған 3327 түлектің  шекара аспай,  еліміздегі  қалуы үшін  жыл бойы жүйелі түрде ауқымды жұмыс атқарылыпты.  

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында пәтер иелері кооперативтерінің  жұмысы және Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге  дайындық  барысы пысықталды. Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, облыс орталығында 1074  көп қабатты үй болса, қолданыстағы басқару үлгісімен 582 үй қамтылған. Сонымен қатар, облыс орталығында 350 лифті болса, оның 178-ін ауыстыру керек. Бұл мақсатқа 2млрд. теңгедей қаржы керек.  Соңғы үш жылда 138 аулаға  балалардың ойын алаңы орнатылды. Үстіміздегі жылы тағы да 40  ойын алаңын орнату жоспарланып отыр.  
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, аудандарда кондоминиум нысандарын  тіркеу жұмысы баяу жүргізілуде.  Ақжар, Аққайың, Жамбыл, М.Жұмабаев және Уәлиханов  аудандарында  сегіз жылдан бері  бұл жұмыс қолға алынбаған. Ал  бұл – тұрғын үйлерді  күтіп  ұстауда ешқандай жұмыс атқарылмады деген сөз. Көптеген  үйлерде  ішкі инженерлік желілер  мен құрылымы жөнді жөндеу көрмегендіктен, қызмет ету сапасы төмендеп, әбден тозығы жеткен екен. Ал тұрғындардың немқұрайлылығы  бұл мәселені одан сайын ушықтырып отыр. 
 – Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кондоминиум нысанындағы жалпы мүлікке күрделі жөндеу жүргізу үшін меншік иелерінің жиналысында анықталған  соманы  жинақ есебіне  аударып отыруға міндетті. Алайда, облыс орталығында тек  он үйде ғана  бұл тәртіп сақталған, – деді  Әділбек Әубәкіров.
Көп қабатты тұрғын үйлерді жөндеуде  2011-2018 жылдар аралығында жүргізілген “Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында  166 үйге  жөндеу жүргізілген. Осының арқасында күрделі жөндеу жұмысын қажет ететін  үйлердің үлесі  27,5 пайыздан 17,3 пайызға төмендеген. Аталған бағдарламаны республикалық бюджеттен қаржыландыру тоқтатылғаннан бері, соңғы екі жарым жылда тек  тоғыз үй ғана жөнделіпті.  Үстіміздегі жылы Петропавл қаласы бойынша 161 млн.теңгеге 4 үй жөнделетін көрінеді.
Қазіргі таңда Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі әзірлеген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр  екен. Егер  заң қабылданса, басқарудың жаңа формасы –   “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот”  қағидасы бойынша мүлік иегерлерінің бірлестігі  құрылады.
Отырыс барасында “Тандем” пәтер иелері кооперативінің төрағасы Александр Васильев өз тәжірибесімен бөлісті. Өзгелерге  үлгі болып отырған  төрағаның  нәтижелі жұмысының сыры – ашықтық.  Тоғыз жылдан бері ПИК төрағасы болып қызмет етіп жүрген ол тұрғындардың сеніміне  ие болу үшін жиналған қаржының қайда, қалай жұмсалғандығы, қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жөнінде барлық ақпаратты  сайтқа  салып отырады екен.  
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кондоминиум нысандарын тіркеу жұмысы жүргізілмеген аудандардың әкімдерінен бұл мәселенің мәнісін сұрады. Ойға қонымды  себеп айта алмаған әкімдерге  бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. 
–Тұрғындар жайлы, жақсы үйде тұрғанды қалайды. Ал олардың бұл ниетін жүзеге асыруды сіздер ұйымдастыру керексіздер. Аудандағы екі қабатты үйлердің ауласын мемлекет қаржысымен де  абаттандыруға болады. Осындай жұмыстарды барлық аудандар жүзеге асыруы тиіс. Тиісті заңнама қабылданған кезде жұмысқа бірден кірісу үшін лифтісін бірінші кезекті ауыстыруды қажет ететін  үйлерді анықтап қою керек. Жазғы демалыс кезінде аулалық клубтардың жұмысына баса назар аударған жөн. Қазіргі  таңда Петропавл қаласы бойынша 24 аула клубы бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасатын аулалық клубтардың жұмысына пәтер иелері кооперативінің төрағалары да атсалысуы қажет, – деген  облыс әкімі Құмар Ақсақалов  әкімдіктердің қызметтік көлік сатып алуларын тоқтатуды тапсырды.Бөлінген қаржы күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешуге бағытталатын болды.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысын баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша,  биыл  өзге елдердің жоғары оқу орнына түсуге ниет танытқантүлектердіңүлесі 2,5 пайызға төмендепті.  2015-2017 жылдары түлектердің   20 пайызы өзге елдің жоғары оқу орындарын таңдаса,   былтыр  бұл көрсеткіш  15 пайызды құрапты.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов  тиісті басшыларға  Ұлттық бірыңғай  тестілеуге кірер кезде балаларды тексеретін жауапты адамдар тарапынан асыра сілтеушілік болмауын тапсырды. Сондай-ақ, ата-аналарға баласы  тестілеуден тиісті  балды  жинай алмаса, оған қысым көрсетпеуді жан-жақты айту керектігін атап өтті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp