«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде біз ең алдымен “соғыс” деген ұғымды ойға аламыз. Қазір дүниежүзінің көп елдері бейбіт заманда өмір сүріп отыр. Бұрынғы жаугершілік кезеңдегідей бір елдің екіншісіне басып кіріп, жерін қанға бояп жатқаны сирек. Бірақ бұл “жау – жар астында” деген астарлы ұғымды ұмыттық деген сөз емес. Есесіне мылтықсыз майдан қызып тұр.

Біз өмір сүріп отырған уақыт – қарумен емес, қаламмен соғыс ашқан заман. Жаңа дәуірдегі ғаламтор, ақпараттық-желілік “соғыстың” басты ерекшелігі – ол тыл мен майданға бөлінбейді және онда шекара жоқ. Сондықтан дәстүрлі соғыстарға қарағанда қаржы аз жұмсалғанымен, төндіріп отырған қаупі мен зардабы ұшан-теңіз. Себебі, бұл соғыста адам баласы көпе-көрнеу оққа ұшып, шейіт болып, жарақат алып, мүгедектікке ұшырамаса да, оның сананы улайтын зардабына төтеп бере алмауы мүмкін. Тән жарасын емдеуге болады, ал жан жарасы мен рухани мүгедекті сауықтыру қоғам үшін аса қымбатқа түсетінін ерте бастан түсінуіміз керек.
Қазіргі қарыштап дамып келе жатқан ақпараттық технологияның көптеген пайдасы мен артықшылықтары бар. Сонымен қатар олардың тигізіп отырған зиянын да айналып өте алмаймыз. Өзгесін айтпағанда, күнде пайдаланып жүрген жеке компьютеріңіздегі маңызды ақпаратыңыз өшіп қалса немесе біраз дүниелеріңіз сақталған флешкаңыз жоғалса, оның зардабын бір өзіңіз ғана емес, ұжымыңыз, басқа да мекемелер тартады. Ал егер осындай жағдайға мемлекеттік басқарушы органдардың бірі ұшыраса, оның барлық құрылымдары зиян шегеді. Елдің басты мәселелерін шешетін буындарындағы ақпараттардың ұрлануы, өшірілуі кей жағдайда төтенше оқиға саналады. Себебі, ондай жағдай қоғам мүддесіне, ұлттық қауіпсіздікке, елдің тәуелсіздігі мен дербестігіне де елеулі нұқсан келтіреді. Олай болса, ақпарат дегеніміз белгілі бір ұйымның құнды мүлкі мен құрылғылары секілді іс жүргізуге, жұмыстың қалыптылығын үйлестіретін негізгі капитал болып саналатындықтан, ол міндетті түрде қорғалуы қажет.
Бұрын біз ақпаратты қағаз бетіне түсіріп, сақтап, өзгеге таратып келдік. Қазіргі таңда компьютер, интернет желілерінің қолданысқа кеңінен енуі оны электронды, онлайн түрдегі ресурс ретінде сақтап, таратуда.
Бүгінгі таңдағы ақпараттық жүйе аса күрделі әрі синтездік сипатта көрініс табатындықтан, кейде адам факторынан тыс қауіптерді де тудырады. Қазіргі әлем елдерінің байланыс пен қарым-қатынас құралы интернет болғандықтан, оған ірілі-ұсақты миллиондаған жүйе өзара тіркеліп, қосылады. Нәтижесінде қыруар уақыт пен шығын үнемделгенімен, қаскөйлердің қылмыстық жолмен пайда табуына да мүмкіндік ашылатынын естен шығаруға болмайды. Сондай-ақ, зор шығын әкелетін зиянды бағдарламалар да интернет арқылы кең таралып жатыр. Интернетте мемлекеттік шекара мен шектеу атаулы болмайтындықтан, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бірер ұжым, аймақ немесе жеке бір мемлекеттің ғана проблемасы емес. Бұл, шын мәнінде, бүкіләлемдік өткір мәселеге айналды.
Ақпараттық-желілік соғыстың зардабына келсек, оның табиғи апаттан кем түспейтін жайы бар. Тіпті, оны жаппай қырып-жоятын атом, ядролық қарудың ықтимал қаупімен де салыстыруға болады. Жаңа ғасырда ғылым мен технология дамудың биік белестерін бағындырды. Коммуникация, ақпарат алмасу мүмкіндігі мен жеделдік мейлінше артып, көз жетпес алып әлемді барынша “кішірейтіп” алақанымызға салып берді. Нәтижесінде еларалық, ұлтаралық байланыс мейлінше нығайып, “доспен” де, “дұшпанмен” де бетпе-бет келетін болдық. Ақпараттық соғыстың сипаты, шеңбері, алаңы компьютерлік техника, бағдарламамен қамтамасыз ету секілді уақытпен жарыса дамып отыр.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін айтқанда одан БАҚ саласын тыс қалдыра алмаймыз. Негізі, оқиға орнында өз тілшісі болып, әр ел әлемге өз терезесінен қарағанға не жетсін?! Ал біздің ақпарат құралдардың қай елде қанша тілшісі бар? Әрі кетсе, 2-3-тен аспайды. Негізінен, қазіргі редакциялар мен телекомпаниялардың басты дерек көздері – ресейлік агенттіктер. Сонда әлемге әлі де болса жат елдің терезесінен қарап, баға беріп отырмыз. Ендеше, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде, БАҚ-та жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне әдістемелік тұрғыдан шұғыл бетбұрыстың жасалуы талап етіліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Ол үшін ең алдымен ондаған жылдар бойы қолданылып келген, ішінара әлі де өз күшін жоя қоймаған кеңестік жүйенің көне тәсілдерінен түбегейлі бас тартып, әлемдік стандарт үлгілерін қабылдағаннан басқа жол жоқ. Себебі, қазірдің өзінде білікті медиа-бизнесмендердің, БАҚ саласы менеджерлерінің жоқтығынан еліміздің баспасөз нарығында жарнаманың 49 пайызын ресейліктер иемденіп отыр. Бұл ресми мәлімет қана. Ал іс жүзінде одан көп болуы да мүмкін. Осыншама табыстан айрылып отыруымыздың өзі медиа-бизнеске бейімделген мамандардың жеткіліксіздігінен болса керек. Олар қоғамда журналистиканың рөлінің уақыт алға жылжыған сайын өсіп келе жатқандығымен, демократиялық зайырлы қоғамда “төртінші биліктің” дәрежесіне көтерілетін ықпалымен, қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық майданда ашық соғыстың басталғанымен, оның өзі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бір бөлігі екендігімен санаса бермейді. Сонымен қатар жергілікті университеттердің журналистика кафедраларында білікті мамандар жеткіліксіз. Сондықтан мамандық пәндерін өзге саланың адамдарына, көбіне журналистиканың теориясы мен практикасынан бейхабар адамдарға беріп қоюы жоғарыда айтқан ойды нақтылай түседі. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Әрине, студенттердің өз бетімен жеке ізденулері арқылы ол-қылықтардың орнын толтыруға тырысудан өзге амал жоқ. Шын мәнінде, ғылыми-зерттеу, талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналистер көбіне БАҚ саласында өз қабілеттерін тез таныта алады.
Журналистиканың зерттеу материалдарының түпнұсқаларын жалпылама түрде ішкі және сыртқы деп екіге бөлуге болады. Жаһандану дәуірінде өз деңгейімізді әлемдік үрдіспен салыстыру, өзіміздің қай тұста жүргенімізді бажайлау, өзгелерден үйрену міндетті түрде қажет. Оның сыртында сыңаржақ идеологияның құрсауынан құтылған Қазақстан бүгінде сыртқы әлемге өз болмысымен танылды, ашық қоғамға қадам басумен қатар көптеген игі бастамаларға да мүмкіндік ашып отыр. Қазіргі таңда әлемнің кез келген елінің кітап-құралдарын интернет желісі арқылы пайдалануға, білім беру әдістемелерімен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазақ журналистикасы да өзінің даму кезеңдерінде сан қилы зерттеу туындыларын жарыққа шығарды. Алайда, көп жағдайда журналист ғалымдар өздері зерттеген салалары бойынша оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп шығарумен ғана шектеліп жүр.
Әрине, журналистика саласы бойынша отандық ғалымдарымыз бен әдіскерлеріміздің туындылары аз емес. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Алайда, олардың бастырған оқулықтарының таралымы аз болғандықтан, бір ғана оқу орнының аясынан шыға алмайды, өзге әріптестерге жетпей жатады. Сонымен қатар ондай еңбектерге көп жағдайда рецензиялар жазылмайды, талдаулар жасалмайды, мерзімді баспасөз арқылы насихатталмайды.
Біздің айтпағымыз, қазіргі БАҚ-тың талаптарына сай келетін сапалы мамандар даярлап шығаруға күш жұмсауымыз керек. Сонда ғана БАҚ менеджменті бір жолға қойылады және ақпарат нарығында шынайы қоғамдық пікірді қалыптастыратын, бәсекеге қабілетті журналистер көбеймек. Сапалы, білікті мамандардың еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтай алатынына сеніміміз зор.

Әсем РАХМЕТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің магистранты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp