Біздің клуб туған өлке төсіндегі тылсым табиғат пен тамыры терең тарихты, мәдениет пен тұрғындардың тіршілік ету әрекетін зерттеп, өңір тұрғындарына ауқымды білім мен тәрбие беретін өлкетану ісін жүйелі дамытып келеді. Өлкенің кешегі көрінісі мен бүгінгі бейнесін паш ету мақсатында өңіріміздің танымал өлкетанушылары мен тарихшылары түрлі тақырыпта дәрістер өткізеді. Мәселен, “Солтүстік Қазақстан облысының табиғаты”, “ХІХ ғасырдағы жазба мәдениеті”, “Қазақ даласындағы сал-серіліктің дамуы” тақырыптарында бірнеше кездесу ұйымдастырдық.
Әрбір өлкенің халқына жанашыр болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Олардың бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Ұлттық Ұлан әскери институты курсанттарының және “Өрлеу” педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мамандарының қатысуымен қоғам қайраткері Жылғара Байтоқинге арнап кеш өткіздік. Онда жерлесіміздің өңірді дамытудағы еңбегі жайында айтылды. Жылғара Байтоқин 1852 жылы Николай І патшаның грамотасымен марапатталған. Патшаның мұндай марапаты жерлесіміздің ағартушылық салаға қосқан үлесі үшін берілген. Бұл құжат 1928 жылдан бері облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы. Халықтың зор ілтипатына бөленген жан өлкеміздің қоғамдық өміріне белсене қатысып, білім саласын дамытуға, әсіресе, ата-анасынан айырылған балаларға қолдау көрсетуде тер төкті. Бүгінде Жылғара Байтоқиннен тараған ұрпақ Петропавл қаласында, Есіл, Қызылжар аудандарында және Алматы облысында тұрады. Кездесу барысында өлкетанушы Ғалым Қадірәлиннің Жылғара Байтоқин туралы жазған еңбегінен үзінділер келтірілді. “Қазақстандық Твардовский: бізге беймәлім Шухов”, “Ұлтына ұлық Қожаберген жырау” атты тақырыптар бойынша ұйымдастырылған шараларымызда да жиналғандарға біраз ақпарат беруге тырыстық. Сегіз серінің шығармашылығына орай өткен шара кезінде қазақ тарихы жайлы тың деректер айтылып, оған қатысқан жастар жағы өңіріміздің шежіресімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар бүгінгі ұрпаққа өңірімізге жер аударылған өзге ұлт өкілдері, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру тұсындағы тұрмыспен таныстыруды жөн санап, “Бір тағдыр. Бір отбасы” атты кітап шығардық. Жуырда тағдырдың жазуымен өңірімізде тұрақтап қалған татар ұлты өкілдері жайлы кеш өткіздік. Ел бірлігіне бастайтын осындай шараларды жиі өткізуге баса назар аударамыз.
2017 жылы біз жалпыұлттық киелі нысандарды анықтаумен айналыссақ, былтыр өңіріміздегі қасиетті жерлердің тізімін нақтыладық. Бұл жұмыс бастан-аяқ жергілікті өлкетанушылардың, тарихшылардың көмегімен жүргізілді. Зерттеу барысында ата-бабаларымыз ежелден кие тұтып, қастерлеп келген қасиетті орындардың көптігіне көз жеткіздік. Киелі жерлер тізімін толықтыру жұмысы жалғаса береді. Бұл орайда қазақ тарихына қатысты шетел архивтерінде жатқан құжаттардың көшірмесін елге жеткізу, тарихшылар мен өлкетанушылардың қолындағы құжаттардың көшірмесін жинап, бірыңғай база жасау мәселесін қарастырудамыз.
Серік ДҮЙСЕНОВ,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана жанындағы “Өлкетанушы” клубының мүшесі.