«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНАШЫРЫ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл жерлесіміз, көрнекті жазушы, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері Герольд Бельгердің туғанына 85 жыл толады. Қазақ әдебиетінің өрістеуіне өзіндік үлесін қосқан қаламгердің шығармаларымен 1980 жылдан бастап таныспын. Оның романдарын, повестерін, әңгімелерін, очерктерін, эсселерін, публицистикалық мақалаларын оқып отырып, терең, жан-жақты біліміне, еңбексүйгіштігіне, әрбір таңдаған тақырыбын ғылыми тұрғыда зерттеп барып жазатынына, оқырманның көкейіне ой салатындығына тәнті болдым.

1981 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген “Брат среди братьев” атты кітабында ол халықтар достығын, Қазақстандағы ұлттар әдебиетінің бір-бірімен тығыз байланыста екендігін уағыздайды. 1986 жылы аталған баспадан шыққан “Мотивы трех струн” атты кітабында: “Неміс, қазақ, орыс сөздері үш шектің әуені іспетті. Менің жан жүрегімнің үш пернесі іспетті. Мен оларды бірінші, екінші, үшінші деп бөле алмаймын. Орманда өскен ағаштар тамыр-бұтақтарымен қалай ұштасып кетсе, бұл тілдер жан жүрегімде өз әуендерімен солай астасып кеткен. Мен үшін олардың бәрі басты, бәрі де негізгі. Олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Олар менің өмірімнің үш белесіндей”, – деп жазады.
Бұл туынды оқырман қауымды тілінің көркемдігімен, бейнелі сипаттасымен, автордың халықтар достығын шынайы қолдайтындығымен қызықтырады. Оны мұқият оқып шыққаннан кейін мен орыс тілінде жарық көретін газетке осы кітап жайлы өзімнің ойымды білдіріп, “Мелодии трех струн” атты мақаламды жарияладым. Сол мақаланы оқыған Герольд Карлович телефон арқылы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Жазушы қазақ тілінің шынайы жанашыры еді. Бұл оның барлық шығармаларынан, сөйлеген сөздерінен аңғарылып тұрды. Оның қазақ тілінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының қолдаушысы екеніне мына сөздері дәлел: “Қазақстандағы негізгі халық – қазақ халқы. Қазақтың ұлттық мүддесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Мен орыс отандастарыма да, басқа ұлт өкілдеріне де: “Біз қазаққа қолдау көрсетуіміз керек”, – деп жүрем ылғи. Қазақстанда қазақтың жағдайы жақсы болса, ұлт өкілдері де далада қалмасы анық. Осыны баршаға түсіндіргім келеді”.
Жазушы осылай қазақ тілінің тұғырына қонуына бойындағы бар қарым-қабілетімен атсалысты. Оның білімі, өмір салты, қазақ халқы мен қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі бүкіл өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс.
Өз басым Герольд Бельгермен алғаш рет 1994 жылғы қазан айында оның 60 жасқа толуына байланысты облысымызға келген кезінде кездестім. Өңір жұртшылығы қаламгерді зор құрметпен, ерекше ықыласпен қарсы алды. Ол ең алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушыларымен, студенттерімен кездесті. Келесі күні өзінің балалық шағы өткен Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында үлкен той ұйымдастырылды. Жазушы өзі оқыған мектепте, Мәдениет үйінде ауылдастарымен, аға буын ақсақалдармен жүздесті.
Жазушының толқығаны сондай, көзіне жас үйірілгенін өзі де байқамай қалды. Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста сол кездегі облыс әкімі В. Гартман сөз сөйлеп, той иесінің иығына шапан жапты. Сахна төрінде жазушыны облыс әкімінің орынбасары Майра Қанафина, аудан әкімі Таспай Симамбаев, ақсақалдар, бұрынғы ұстаздары, жолдастары құттықтады. Мәдениет үйінде ән мен күй шалқыды. Герольд Карлович өзі оқыған мектепте де болып, ұстаздармен, оқушылармен әңгімелесті. Ауылдың орталық көшесі тұрғындарға лық толды. Осы жерде бірсыпыра ауыл адамдары және көрші елді мекеннен келгендер жазушыға шапан жапты. Ал кеңшар басшысы Талғат Теменов ат мінгізді. Халықтың қуанышында шек болмады. Жиын соңында жазушы жерлестеріне шын көңілден алғысын айтып, құрметтеріне зор ықыласын білдірді.
Мен қаламгердің 60, 70, 75, 80 жасқа толған мерейтойларына арнап бірнеше мақала жаздым. Оның мектептес досы Ғалым Қадірәлин екеуіміз Алматыға жолымыз түскенде алдымен жазушының үйіне баратынбыз. Ол әр кез бізді жылы қарсы алатын. Үшеуіміз біраз әңгіме-дүкен құратынбыз. Герекең кетерімізде бізге міндетті түрде қолтаңбасын жазып соңғы шыққан кітабын сыйлайтын. 2003 жылы Мәскеуде жарық көрген “Гармония духа” деп аталатын кітабына: “Бауырым, танысым, жерлесім, сұхбаттасым Қайролла Мұқановқа ізгі ниетпен. Герольд Бельгер 11.03.2004 ж.”, – деп жазды. Светлана Аноньева, Лариса Бабина шығарған “Творчество Герольда Бельгера в контексте современного литературного процесса” атты кітапқа: “Қайролла бауырыма шынайы көңілден. Герольд Бельгер.03.08. 2004 ж.”, – деп жазыпты. 2004 жылы Жанна Есқуат пен Г. Бельгер екеуі бірге шығарған “Время будней” атты кітабына: “Қайреке, жетпіске келгенде бітірген шаруаларымның бәрі осының ішінде. Қабыл алғайсыз. Бельгер Г.К. 27.07.2005 ж.”, – депті. Ал сол 2005 жылғы 3 шілдеде Герекең маған өз қолымен жазған автобиографиясын сыйлаған еді.
2014 жылы соңғы жарық көрген “Все, что мог” кітабына: “Мен жайында мақала жазған бауырым, жерлесім Қайроллаға Бельгерден дұғай сәлем! Герольд Бельгер. 2.11.2014 ж.”, – деп жазып, сол жылғы қарашада 80 жылдығымен құттықтап, оған “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атағы берілгені туралы куәлігі мен медалін тапсырған жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовтен маған арнайы беріп жіберіпті. Соңғы сәлемі еді бұл кітап. Сол жолы Жарасбай Қабдоллаұлы онымен сұхбаттасып, кейін газетте “Мен қазақ халқына ризамын” атты көлемді мақала жариялады. Бұдан кейін көп ұзамай қымбатты жерлесіміз, асыл азамат, жазушы Герольд Бельгер дүниеден озды. Ол өзінің өсиеті бойынша Алматыдағы қазақтың небір жақсы мен жайсаңдары жатқан Кеңсайда жерленді.
Жазушы Герольд Бельгер өмірден өтсе де, оның артында өмір бойы жазған мол мұрасы қалды. Оның шығармаларын жұртшылық әлі де зор ықыласпен оқиды. Мағыналы өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген авторлар мақала, очерк, зерттеулер жазды. Былтыр Алматыда “Ассоциация общественных немцев” деген ұйымның шешімімен Владимир Ауман есімді жазушының “Герольд Бельгер: “Такая вышла стезя” атты кітабы шықты.
Осы кітаптың бір данасын биыл Алматыға Мәскеуден келген Г.Бельгердің қызы Ирина әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет істеп жүрген менің қызым Гүлнәрдан мынандай автограф жазып беріп жіберіпті: “Уважаемый Кайролла Муканович! Читайте! Помните! С уважением, дочь Г.Бельгера Ирина. 01.02.2018 г.”
Герекең туралы соңғы жылдары мен де бірнеше мақала жазып, газеттерде жарияладым. Шама келсе әлі де жазамын.
Биылғы 28 қазанда жерлесіміз Герольд Бельгер 85 жасқа толар еді. Осы датаға орай, оны мәңгі есте қалдыру үшін облысымызда игі шаралар өткізілуі тиіс. Ол туралы өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде де айтылды.
Г. Бельгер – қазақ халқын жан-тәнімен сүйген, оған адал қызмет еткен жазушы. Сондықтан оның осынау мерейтойында қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Біздің Петропавл қаласының бір көшесіне Герольд Бельгердің есімі беріліп, облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушыға арналған бұрыш ашылса деген ойымыз бар. Сонымен қатар жыл сайын жазушының туған күніне орай оқырмандар конференциясы, оқушылар мен студенттер арасында жазушының өмірі мен шығармашылығына байланысты шығармалар конкурсы ұйымдастырылса құба-құп.

Қайролла МҰҚАНОВ,  ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp