«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНІМ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРЫЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында қоспажем зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов және “KAZMEAL” компаниясының бас директоры Дина Өтебаева қатысты.

Жоба Қазақстан және Қытай елдеріне ортақ “Бір белдеу – бір жол” бағдарламасының аясында қолға алынған. Зауыт жылына 360 мың тонна өнім дайындай алады. “KAZMEAL” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – республика бойынша мұндай көлемде қоспажем шығара алатын жалғыз кәсіпорын. Қос елдің ортақ жобасының құны – 4 млрд. теңге. Зауытта шығарылған өнім әзірге тек аспан асты еліне экспортталатын болады.
– Новоишимка ауылының орналасқан жері, климаттық жағдайы зауыттың жұмысына қолайлы. Сонымен қатар өнім шығару үшін қажетті шикізаттың мол болуына мән бердік. Өйткені, күніне бір мың тоннаға жақын шикізат өңдеуіміз керек. Бұл жерде 4-5 сұрыптағы бидай жеткілікті, – деді Дина Өтебаева.
Нысанды аралаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов зауыт ауданның және облыстың экономикасына оң әсер ететінін тілге тиек етті. Бүгінде өңірімізде жылына 600 мың тоннаға дейін астық қайта өңделеді. Осыған дейін “Биохим” зауытының іске қосылғанын ескерсек, енді қайта өңдеу көлемі екі есеге дейін артады. Биыл бір миллион тоннадан астам дәнді және майлы дақылды өңдеуге мүмкіндік бар.
– Жыл сайын өңірімізде 5,5 млн. тонна астық өндіріледі. Аталмыш зауытта 4-5 санаттағы бидай мен өңделген майлы дақылдардың қалдығынан сапалы қоспажем дайындалатын болады. Бұл егістік алқаптарын әртараптандырудың нәтижесінде мүмкін болды. Кәсіпорынның болашағы зор. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспарланып отыр, – деді Құмар Ақсақалов.
Қазіргі таңда зауытта 30 адам еңбек етеді. Болашақта олардың санын 76-ға жеткізу жоспарланып отыр. Кәсіпорын жұмысшыларын Қытайдан арнайы келген мамандар оқытып, тәжірибелерімен бөліскен. Қызметкерлердің еңбекақысы орташа есеппен 90 мың теңгені құрайды.
Заманауи кәсіпорын соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Оның басты ерекшелігі – дайын өнім салынған қаптарды робот артады. Яғни, жұмысшы күші қажет етілмейді. Аталмыш қондырғы әлемдегі электроника және цифрлық технологиялар саласындағы көшбасшылардың бірі – “Siemens” компаниясының жүйесі бойынша жұмыс істейді.
– Нысандағы жабдықтар толығымен Қытайдан әкелінді. Зауыт жұмыс істеуге дайын. Алдағы уақытта жабдықтарды жаңартып, “КамАЗ”, жүк тиегіш, конвейер сияқты техникаларды сатып алмақпыз, – деді компания басшысы Дина Өтебаева.
Зауытта өндірілген азықты малдың барлық түріне беруге болады. Аталған қоспажеммен қоректенген жануар тез семіреді. Кәсіпорын басшылығы жергілікті фермерлермен де жұмыс істеуге әзір екендерін айтты. Яғни, шаруашылық иелері сапалы қоспа-жемге тапсырыс бере алады.
Құмар Іргебайұлы зауыттағы ақуыз, қышқыл, тұз, тағы басқа қоспаларды анықтайтын жаңа технологиялармен жабдықталған зертхананы аралап, жұмысымен танысты. Мұндағы қондырғылардың барлығы Қытайда да, Қазақстанда да сертификатталған. Кәсіпорын, тіпті, алғашқы сынақ өнімдерін Қытайға жіберіп үлгерген.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов көктемгі егіс барысымен де танысты. Биыл аудан бойынша 500 мың гектар алқапқа бидай, шамамен 160 мың гектарға майлы дақылдар себу жоспарланған.
Жергілікті жерде 60-қа жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 200-ден астам фермерлік және шаруа қожалығы жұмыс істейді. “Астық-Привольный” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінде 9 мың гектар егістік жер болса, соның 2 мың гектары парға қалдырылған.
– Жоспарланған дақылдың 40 пайызын сеуіп үлгердік. Биыл бес жылдан бері ауыстырылмаған тұқымдарды жаңарттық. Қажетті техника, жанар-жағармайдың барлығы жеткілікті, – деді серіктестік директоры Бауыржан Тасмағанбетов.
Үстіміздегі жылы ауданда 86 мың гектар жер парға қалдырылып отыр. Бұл барлық егіс алқабының оннан бір бөлігін құрайды. 32 мың гектарға жемшөп, ал сегіз мың гектар алқапқа картоп және басқа да көкөністер егілмек.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp