Солтүстік Қазақстан облысында «Қаңғыбас» жедел-алдын-алу іс-шарасы аяқталды. Мақсаты – баспанасыздарға қатысты қылмыстардың алдын алу, олардың жүрген жерін анықтап, есепке қою.
Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың паналап жүрген жерлері полицейлерге белгілі. Үш күн бойы тәртіп сақшылары облыс бойынша мыңнан астам жертөлені, кәріз құдықтарын, қараусыз қалған ғимараттарды тексерді. Қабылдап-тарату орнына тұрғылықты мекенжайы жоқ 170 адам жеткізілді. Әрқайсысынан геномдық есеп үшін биологиялық материал алынды. Олардың бәрі фотосуретке түсіріліп, дактилоскопиядан өткізілді.
Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды іздеуге салт атты полицейлер тартылды. Олар техника және жаяу патрульдер өте алмайтын саяжайлар мен молаларды тексереді.
Қабылдап-тарату орнына жеткізілгендердің арасында із-түссіз жоғалғандар есебінде тұрған 2 адам анықталды. Сондай-ақ, пробация бақылауынан жасырынған 7 қылмыскер табылды. Іс шара барысында үйдің жер төлесінен азық-түлікті, жылу трассаларының металл қаптамалары мен басқа да заттарды ұрлау сынды бес мүліктік қылмыс ашылды.