«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӨНСІЗ АЙЫПТАУҒА ЖОЛ БОЛСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда мәселенің анық-қанығына терең үңілместен, біреудің атына кір-күйе жағатын жайттар аз кездеспейді. Сондай жағымсыз пікірдің бірі өзіміз қызмет атқарып жүрген оқу ордасы жайында болып отыр. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушылары пара алуға бейім деген қауесет тарағанда, өзіміз де түсінбей абдырап қалдық. Мұның жалған айыптау екенін көрсету үшін қолымызға қалам алып отырмыз.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері мен оқытушылары арасында анонимді түрде сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқан 170 студенттің 23 пайызы білім ордасында жемқорлықтың белгілері бар деп жауап берген. Бірнеше студенттің айтуымен ғана 80 жылдан астам тарихы бар, өңірімізде педагогтарды даярлайтын жалғыз оқу орнына мұндай кінә таққандары ақылға сыймайды.
Әлеуметтік зерттеу – белгілі бір құбылыс және оның үдерісі туралы қорытынды жасау үшін логикалық, әдістемелік және техникалық ұйымдастырушылықпен жүргізілетін жүйе. Сауалнама жүргізген ұйым кез келген әлеуметтік зерттеудің анықтығы бірнеше шарттармен қамтамасыз етілетінін білуі тиіс. Өкінішке қарай, департаменттің бұл әрекетін журналистер іліп әкетіп, зерттеудің нақтылығын емес, қоғамдық пікірге ықпал етудің жағдайына баса назар аударған сыңайлы.
Зерттеу жүргізу кезінде тиісті талаптардың орындалмағандығы да көзге айқын көрінеді. Біріншіден, әлеуметтік жүйеде іріктеу көлемін анықтау үшін негізгі екі әдіс қолданылатынын білеміз. Жаппай сұрастыру кезінде, сауалнама жүргізілетін ортадағы адам саны 5000-ға дейін болса, 500 адамнан сауал алынады, егер 5000-нан көп болса, іріктеу арқылы қатыстырылатын адам саны 10 пайыздан кем болмауы тиіс. Яғни, бұл сауалнамаға бүгінгі таңда университетте білім алатын 7 мың студенттің 700-дейі қатыстырылуы тиіс еді. Жоғары оқу орындарында әлеуметтік сауалнама жүргізу бойынша он бес жылдық тәжірибеге сүйенсек, статистикалық қорытынды шығару үшін кем дегенде 1260-1360 студенттің пікірі ескерілуі керек болатын. Бұл жайлы хабар жазған журналистер сауалнамаға 170 студент қатысқандығын айтады. Олар білім ордасындағы 400 оқытушының академиялық адалдығын анықтау үшін бұл зерттеудің жеткіліксіз екенін ескермесе керек.
Екіншіден, мұндай маңызды сауал қарастырылғандықтан, факультет, курс, мамандық бойынша нақты дерек алу үшін қатысушылардың тепе-теңдігі де ескерілгені жөн. Бұл талапқа да назар аударылмаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген сауалнама мен зерттеу ең алдымен ашық, адал және объективті түрде жүргізілуі тиіс. Басқаша жағдайда тексерушілердің өздерінің іс-әрекеттері заңға қайшы келері анық.
Осындай негізсіз тағылған кінә облыстағы жалғыз жоғары оқу орнының қаншама игі жұмысына көлеңкесін түсіруде. Білім ошағы республикада жоғары бедел мен абыройға ие. Биылғы жылдың өзінде ғана студенттеріміз 26 пәндік олимпиадаға қатысып, жеке сынақта 16 және командалық 12 жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген білім беру бағдарламаларының рейтингіне қатысып, 27 білім беру бағдарламасы бойынша жүлделі орындарды иеленді.
Мәселенің аныққанығына терең үңілмей, негізсіз ақпарат таратқан ведомство мамандарының бұл жұмысына университеттің барлық оқытушылық құрамы реніш білдіруде. Студенттерінің төрттен бір бөлігінен “пара алып” жүрген оқу орны білім мен білік додасында жоғары шыңнан көріне алар ма еді?! Түрлі ұйымдардың жұмысын тексеріп, әділдік пен тәртіп жолында күресу департамент мамандарының басты міндеті екені түсінікті. Алайда, алдағы уақытта жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, тексерісті тәртіпке сай өткізсе дейміз.

 

Жақсылық ҒАЛИЕВ, Күлбарам БАЯЗИТОВА, Ақан ЖҮНІСОВ, Инна ДЖЕМАЛЕДИНОВА,
Дарья ТАКЕНОВА, Гүлгүл ТӨЛЕШЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp