«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРГЕ КҮТІМ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде 1758 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 89 пайызы Кеңес үкіметі кезінде салынғандықтан, бүгінде тозығы жеткен. Ал үстіміздегі жылы орта мектепті тамамдаған 3327 түлектің шекара аспай, елімізде қалуы үшін жыл бойы жүйелі түрде ауқымды жұмыс атқарылыпты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында осы мәселелер, яғни пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы және Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы пысықталды. Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, облыс орталығында 1074 көпқабатты үй болса, олардың 582-де ПИК бар. Соңғы үш жылда 138 аулаға балалардың ойын алаңы орнатылды. Үстіміздегі жылы тағы да 40-тан астамын қою жоспарланып отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, аудандарда кондоминиум нысандарын тіркеу жұмысы баяу жүргізілуде. Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында бұл жұмыс мүлде сылбыр. Тұрғын үйлер күтіп ұсталмайды. Көбінің ішкі инженерлік желілері жөндеу көрмеген. Ал тұрғындардың немқұрайдылығы бұл мәселені одан сайын күрделілендіріп отыр.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кондоминиум нысанындағы жалпы мүлікке күрделі жөндеу жүргізу үшін меншік иелері жиналыста анықталған соманы жинақ есебіне аударып отыруға міндетті. Алайда, облыс орталығында тек он үйде ғана бұл тәртіп сақталған, – деді Әділбек Әубәкіров.
Көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу үшін 2011-2018 жылдар аралығында жүргізілген “Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында 166 үй жөнделген. Нәтижесінде күрделі жөндеу жұмысын қажет ететін үйлердің үлесі 27,5 пайыздан 17,3 пайызға төмендеген. Аталған бағдарламаны республикалық бюджеттен қаржыландыру тоқтатылғаннан бері, соңғы екі жарым жылда тек тоғыз үй ғана жөнделіпті. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласы бойынша 161 млн. теңгеге 4 үйді жөндеу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы Мәжілістің қарауында. Егер заң қабылданса, басқарудың жаңа формасы – “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” қағидасы бойынша мүлік иелерінің бірлестігі құрылады.
Отырыс барысында “Тандем” пәтер иелері кооперативінің төрағасы Александр Васильев өз тәжірибесімен бөлісті. Өзгелерге үлгі болып отырған төрағаның нәтижелі жұмысының сыры – ашықтық. Тоғыз жылдан бері ПИК төрағасы болып қызмет етіп жүрген ол тұрғындардың сеніміне ие болу үшін жиналған қаржының қайда, қалай жұмсалғандығы, қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жөнінде есеп беріп отырады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кондоминиум нысандарын тіркеу жұмысы жүргізілмеген аудандардың әкімдеріне бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
– Тұрғындар жайлы, жақсы үйде тұрғанды қалайды. Аудандағы екіқабатты үйлердің ауласын қазына қаржысына абаттандыруға болады. Осындай жұмыстарды барлық аудандар жүзеге асыруы тиіс. Тиісті заңнама қабылданған кезде жұмысқа бірден кірісу үшін ескірген лифтілері ауыстырылатын үйлерді осы бастан анықтаған жөн. Жазғы демалыс кезінде аулалық клубтардың жұмысына баса назар аударылуы керек. Қазіргі таңда Петропавл қаласы бойынша 24 аула клубы бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінде орналасатын аулалық клубтардың жұмысына пәтер иелері кооперативінің төрағалары да атсалысуы қажет, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов лауазымды тұлғаларға қызметтік көлік сатып алуды тоқтатуды тапсырды. Бөлінген қаржыны күн тәртібінде тұрған өткір мәселелерді шешуге бағыттау қажет екенін қадап айтты.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысын баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, биылғы түлектердің арасында өзге елдің жоғары оқу орнына түсуге ниет танытқандардың үлесі 2,5 пайызға төмендепті. 2015-2017 жылдары түлектердің 20 пайызы шетелге білім алуға аттанса, былтыр бұл көрсеткіш 15 пайызды құрады.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тиісті басшыларға Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында балаларды тексеретін жауапты адамдар тарапынан асыра сілтеушілік болмауын тапсырды. Сондай-ақ, ата-аналарға баласы тестілеуден тиісті балды жинай алмаса, оған қысым көрсетпеуді жан-жақты түсіндіру керектігін атап өтті.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp