«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САУАПТЫ ІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Менің ата-бабамның туған жері – Есіл ауданындағы Өрнек ауылы. Онда әр кездері ең кемі 120 үй түтін түтеткен екен. 1941-1945 жылдары ел басына күн туғанда 134 ауыл жігіті Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Яғни, әр шаңырақтың екі-үш өкілі майдан даласында толарсақтан саз кешіп, мұз жастанған.

Бұл азаматтардың есімдері ұрпақтарының мәңгі есінде сақталады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауыл тұрғындары жеке қаражаттарына құлпытас орнатқан. Оған сұрапыл соғыстан оралмаған боздақтардың есімдері қашалып жазылды. Ал былтыр Жеңіс күні мерекесіне орай біздің ауылда екінші құлпытас орнатылды. Бұл ескерткіш белгіден майданнан елге аман-есен оралған ардагерлердің есімдерін көруге болады.
Соғысқа Өрнектен аттанған арыстай азаматтардың 76-сы майдан даласында жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, жан тапсырған екен. Солардың бірі – менің атам Әбіш Тұрғынов. Ол соғыс басталған кезде 40 жасқа аяқ басыпты. Атам 185-ші атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Кілең қазақстандық сарбаздардан құралған әскери бөлімше жанқиярлық ерлік көрсетіп, Мәскеуге жақындап қалған немістерге тосқауыл болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бірақ күші басым жау кескілескен ұрыста жерлестеріміздің басым бөлігін жер жастандырады. Менің атам Әбіш Тұрғынов бұл ұрыста аман қалғанымен, 1942 жылдың 14 тамызы күні майдан даласында қаза табады. Оның денесі Ресейдің Тверь облысына қарасты Оленин ауданындағы бауырластар зиратында жерленгенін біз жақында ғана білдік.
Оның үлкен келіні Майра жеңгем: “Аталарыңның басына барып, аруағына Құран бағыштаңдар”, – деп айтып жүруші еді. Осы бір сауапты да жауапты жұмысты қолыма алып, ғаламтор арқылы бір жылдан артық атам жерленген елді мекенді іздедім. Ең алдымен, Тверь облысының Оленин аудандық әкімдігіне хабарластық. Олар маған Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары дүниеден озған және із-түзсіз жоғалған адамдар туралы мәліметтер жинақталған “Мемориал” сайтынан ақпарат іздеуге кеңес берді. Атамның аты-жөні содан табылды. Сонда Әбіш атамның Боевка ауылында жерленгені көрсетілген. Бұл жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында жұрты ғана қалған шағын ауыл екен. Кейін оның тұрғындары көрші Тархово ауылына көшіріліпті.
Жеңіс күні қарсаңында бауырластар зиратына барудың сәті түсті. Мәскеуге жеткен бойда Еділ өзенінің жағасындағы Тверьге жол тарттық. Бауырластар зиратына жету үшін 300 шақырым жолды артқа тастадық. Жергілікті екі зиратта 1500 жауынгер жерленген. Мен атамның жатқан жерін тез тауып алдым. Осы сәтте қатты толқыдым. Сүйегі өзге елдің орманында қалған атамның аруағы да бір аунап түскен шығар. Еріксіз көзіме ыстық жас келді. Мауқымды басып, марқұмның аруағына Құран бағыштап, елден ала келген туған жердің бір уыс топырағын салдым.
Атамның зиратынан алынған топырақты туған жерге жеткіздім. Өрнек ауылында өткен асқа жиналған ағайын-туыстар, ауыл тұрғындары атама туған жердің топырағы бұйырғанына қуанды. Олар маған немерелік борышымды адал атқарғаным үшін ризашылықтарын білдірді.

 

Жанат ӘБІШЕВ. Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp