Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылжар ауданындағы Ольшанка ауылында орналасқан “ЕС – 164/9” түзету мекемесі қайта бейіндеуден өткен болатын. Осыған орай отбасылық-тұрмыстық заңсыздықтарға жол бергендер басқа түрмеге ауыстырылып, түзету мекемесіне бұрын лауазымды қызметтерді атқарып жүріп, заңсыздықтарға жол бергендер тоғытылды. Олардың арасында прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сот және өзге де құқық қорғау салаларының бұрынғы қызметкерлері бар. Бүгінде қоныс колониясында 80-ге жуық адам жазасын өтеуде.
Қылмыстық-атқару заңнамасы аясында қоныс колониясында жаза өтеу тәртібі жабық мекемелерден айтарлықтай ерекше. Мұнда жазасын өтеп жатқандар күндізгі уақытта елді мекендегі түрлі нысандарда жұмыс істеуге құқылы. Мұндай шара әдетте заңды алғаш бұзғандарға, қоғамға ешқандай қауіп тудырмайтын жандарға қатысты қолданылады. Мақсат – қоныс колониясында жазасын өтеп жүргендердің қылмыс әлеміне бейімделмей, бостандыққа шыққан уақытта өз ортасына сіңісіп кетуіне мүмкіндік жасау. Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды тәрбиелеу және түзеудің тиімді жолдарының бірі – оларға кәсіптік білім беріп, еңбекпен қамту. Бүгінде жазасын өтеушілердің дені қала мен ауданның түрлі нысандарында еңбек етуде.
Жангелді САҒАНДЫҚОВ,
“ЕС–164/9″ түзету мекемесі бастығының кезекті көмекшісі.
(Сурет yandex.kz сайтынан алынды).