Н.Погодин атындағы орыс драма театры 132 маусымның жабылуына орай гала-концерт ұйымдастырды.
Өткен маусымда өнер ордасының сахнагерлері көрермендерін төрт жаңа спектакльмен қуантты. Солардың бірін ресейлік режиссер Галина Зальцман қойды. “Әр қойылымымыз өзінше бір әлем. “Месье Амилькар, человек который платит”, “Тевье… История одного еврея”, “Ромео и Джульетта”, “Сны золотые”. Бұл туындыларымыз маңызды тақырыптарды қозғайды. Көрермендер олардан өзінше ой түйіндеп, пайдалысын алды деген үміттеміз”, дейді театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас.
Маусымның жабылу кешінде көпшіліктің қошеметіне ие болған бұл спектакльдерден үзінді сахналанды. Театр әртістері кеш барысында сахналық образдарды сомдаумен қатар ән айтып, би билеуде де шебер екендіктерін танытты. Дәстүр бойынша ең үздік сахнагерлер Қазақ КСР-нің халық әртісі Иван Арчибасов атындағы сыйақымен марапатталды. “Екінші пландағы ерлер рөлі” аталымы бойынша Константин Демидов, ал әйелдер бейнесін сомдауда Елена Вахрина үздік әртіс атанып, сый-сыяпатқа ие болды. Ал көрермендердің ыстық ықыласын тудырған “Ромео и Джульетта” спектаклі үздік қойылым болып танылды. Онда бас кейіпкерді сомдаған Ирина Полещук театрдың үздік актрисасы атанды.
Гәкку ЕЛУБАЙ.
(Сурет yandex.kz сайтынан алынды).