Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камаловтың атына Петропавл қаласының тұрғыны Л.Архипова хат жолдапты. Онда автор оқыс оқиға барысында жеделдік танытып, кәсібилік көрсеткен өртсөндірушілерге алғысын білдірді.
19 мамыр күні Хименко көшесіндегі 5-ші үйде өрт шықты. Абырой болғанда, құтқарушылар дер кезінде көмекке келді. “Барлық тұрғындар уақытында сыртқа шығарылды. Мені және атамды жанып жатқан пәтерден құтқарды. Түтін болғандықтан, пәтерден шыға алмай қалған едім. Хамза Абай және Арман Төкенов есімді құтқарушылар мені бесінші қабаттан далаға алып шықты”, – делінген хатта.
Қызыл жалын сегіз шаршы метрге жайылған болатын. Қауіпсіз жерге шығарылған 18 адамның ішінде 3 бала бар. Сондай-ақ, оқиға орнынан 27 литрлік тұрмыстық газ баллоны шығарылды.