«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІН ОҚИДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап 10сынып оқушылары мектеп қабырғасында кәсіпкерлік негіздерін оқитын болады. Бұл туралы елордада өткен “Инновациялық экономика үшін кәсіпкерлік білім” атты ІІІ халықаралық форум барысында хабарланған болатын.

– Біздің министрлік “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп оқушыларға арналған “Кәсіпкерлік негіздері және бизнес” атты оқу бағдарламасын әзірледі. Бұл пән өткен жылдан бастап қанатқақты режімде апробациядан өткізілуде. Жобаға таңдалып алынған мектептердің 10-сынып оқушылары қатысуда. Ендігі кезең – орта мектеп оқушыларына “Кәсіпкерлік негіздері және бизнес” пәнін жаппай оқыту. Ал 2020-2021 оқу жылында бұл пәнді 11-сыныптың оқушылары да оқитын болады, – деген болатын сол форумда Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.
Вице-министр атап өткендей, елімізде білім берудің барлық деңгейі кәсіпкерлік негіздерімен байланыстырылған. Мәселен, орта білім деңгейінде “Кәсіпкерлік негіздері және бизнес” пәні оқытылатын болса, колледждердегі кәсіпкерлік білім дуалды оқыту жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Колледж студенттеріне кәсіпкерлік негіздеріне арналған факультативтік сабақтар өткізіледі. Жоғары оқу орындарында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 60-тан астам оқу орнында “Кәсіпкерлік негіздері” пәні оқытылады. Студенттердің кәсіпкерлік қабілетін ашып, болашақ бизнесмендерді даярлау мақсатында 50-ден астам оқу орнында 350 стартап жүзеге асырылуда. Оның 241-іне инвестиция тартылып, 370 жұмыс орны құрылған. Ал бұл қызметтен түскен табыстың көлемі 27 миллион теңгені құрайды.
Бүгінде кәсіпкер студенттерге “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, “Жастар – ел тірегі” атты жалпыұлттық жоба аясында да кәсіпкерлікті қолдау көзделуде.
Аталмыш қанатқақты жоба біздің өңірде де сынақтан өтуде. Облыстық кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Ирина Торопованың айтуынша, өткен жылдан бері “Кәсіпкерлік негіздері және бизнес” элективті пәні Қызылжар ауданындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясында оқытылуда. Енді үстіміздегі жылдан бастап басқа аудандар мен Петропавл қаласындағы мектептердің 10-сынып оқушылары аталмыш пән бойынша білім алатын болады. Пәнді аптасына екі рет өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда палата өкілдері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, жаңа пәнді оқытатын мамандарды даярлауда. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 66 мұғалімді даярлау көзделген.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp