Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері арасында «Өз кәсібінің үздігі» байқауын өткізді.
Үздік маман атану үшін тоғыз үміткер бақ сынасты. Патрульдік полицейлер кез-келген жағдайға дайын болуы тиіс. Байқау кезінде заңнаманы ғана емес, атыс даярлығының, қоян-қолтық ұрыстың теориясы мен практикасын меңгеруі, алғашқы медициналық көмек көрсете білуі, қозғалысы көп көше қиылыстарында қозғалысты қолмен реттеу тәжірибесі тексерілді. Байқауды қорытындылаған кезде қатысушылардың қыс мезгілінде жеңіл және жүк көлігімен жылдам жүріп маневр жасауы бойынша өткен сайыстардың нәтижелері, сондай-ақ, үміткерлердің қызметтегі жетістіктері де ескерілді.
Байқау сайыстарының қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкері полиция аға сержанты Руслан Ақматов үздік атанды.
Руслан Ақматов полицияда 2014 жылдан қызмет етіп келеді, 16 марапаты бар. Бокс және қоян-қолтық ұрысынан спорт шеберіне үміткер, сондай-ақ спорттық атудан бірінші разряды бар. Ол 2016 жылы өзіне-өзі қол жұмсамақшы болған қызды құтқарып қалды. Өмірімен қоштасқалы тұрған бойжеткенді құтқару үшін Русланға Есіл өзеніндегі көпір аркасының ең жоғарғы жағына көтерілуге тура келді. Оның спорттық даярлығы қызға биіктіктен түсу үшін көмектескен кезде қажет болды.
Жеңімпаздар Нұр-Сұлтан қаласында болатын республикалық байқауға барады.