Облыс орталығындағы №8 жалпы білім беретін орта мектепте «Абай мен Мағжан оқулары» республикалық конкурсының облыстық кезеңі өтуде. Оған 115 мектеп оқушысы қатысуда.
Жас ұрпақ арасында сөз зергерлері Абай мен Мағжанның мұрасын насихаттау, ұлттық патриоттық сана-сезімді нығайту және дарындарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауда үміткерлер жеті аталым бойынша бақ сынасуда. Өрендер арасында Абайдың өлеңдерін жатқа айту бойынша бақ сынайтындар қатары қалың. «Көңілім ән ұғады» кезеңіне қатысуға тілек білдірген өнерпаздар да аз емес. Олар Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындаудан жарысқа түсіп отыр.
Ал, «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» деп жырлап өткен Мағжанның ізін қуған жастар тырнақалды туындыларын оқып, бәйге жарыстыруда. Бұл кезеңде де байқауға қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа айтып, сынға түспек. «Толқынмен толқын сырласып» атты ақтық сайыста балалар Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын зерттеуге арналған жұмыстарын қазылар алқасына ұсынады.