«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА КЕҢСЕ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыстық сотта ведомство төрағасы Ерлан Айтжановтың қатысуымен келушілерге ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған фронт-кеңсе ашылды.

Өткен жылы “Үлгілі сот” бағдарламасын жүзеге асыру аясында сотқа келушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Петропавл №2 қалалық және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда осындай кеңселер жұмысын бастаған еді. Бұл жолғы кеңсенің жалпы аумағы 183 шаршы метрді құрайды. Ол халыққа заманауи қызмет көрсету талаптарына сай барлық техникамен қамтылған. Жаңа кеңсе “кедергісіз қағидат” бойынша жабдықталған. Бұл сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

– Фронт-кеңседе ақпараттық орталық, кіріс кеңсе және өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған үш алаң жұмыс істейді. Ақпараттық орталықта сотқа өтініш берудің тәртібі, соттың орындауындағы істер мен материалдардың қаралу барысы, сот отырыстарын өткізу уақыты туралы деректерді алуға болады. Ал келушілер сотқа қажетті құжаттарын кіріс кеңсеге тапсырады. Күту залында тұрғындарға қолайлы болу үшін ұялы телефон арқылы сот органдарының интернет-ресурстарына кіре алатын “Wi-Fi”-ды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған, – деді кеңсенің ашылу салтанатында сөз алған Ерлан Айтжанов.

Ашылу салтанатынан кейін мамандар жиналғандарға кеңсені аралатып, жұмысымен таныстырды. Бұл жерде, сондай-ақ, медиаторларға арналған татуластыру кабинеті, істің материалдарымен танысатын және құқықтық қызмет көрсететін орындар бар. Аталмыш кабинеттерде медиаторлар мен адвокаттар келушілерге құқықтық қызметтер көрсететін болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp