Тәуелсіздік алғаннан бері өңірімізде тұңғыш рет Петропавл-Мәскеу бағытында әуе рейсі ашылды. Қазақстанның азаматтық авиация комитеті Ресейдің “ИрАэро” әуе компаниясымен келісімге келіп, өңір тұрғындары мен қонақтарына Ресей астанасына тікелей жету мүмкіндігін тудырып отыр.
Петропавл халықаралық әуежайы Мәскеу қаласынан ұшып келген алғашқы рейсті салтанатты жағдайда қарсы алды. Енді тұрғындарымыз Ресей астанасына аптасына бір рет әр сәрсенбі сайын ұшатын болады. “2017 жылдан бері біз әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп, осындай мүмкіндікке ие болып отырмыз. Бұл облыс әкімшілігінің, әуежай мен әуе компаниясының бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесінде жүзеге асты”, – деді Петропавл халықаралық әуежайының директоры Марат Хасенов.
“ИрАэро” компаниясы ұшағының екінші пилоты Эдуард Пестовтың айтуынша, әр рейс алдында ұшақтың техникалық жағдайы мұқият тексеріледі. “Ұшақ соңғы үлгіде жасалған. Жақсы жұмыс істейді. Онымен бұдан да алыс бағыттарға ұштық. Петропавлға дейінгі алғашқы рейсіміз сәтті болды”, – дейді пилот. Ал, Мәскеуге біздің өңірден алғашқы рейспен 33 адам ұшып, небары үш сағаттың ішінде олар Ресей астанасының Сколково аэропортына қонды.
Бүгінде Петропавл халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент бағытында рейстер жүзеге асырылады. 8 маусымнан Петропавл – Шарм-эль-Шейх – Петропавл бағытында да чартерлі рейс ашу жоспарланған.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
журналист.