Қасиетті Қызылжар өңірінде дүниеге келіп, есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылған жұлдыздар шоғыры аз емес. Жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов те – халқы үшін шоқтығы биік тұлғаның бірі.
Ғабит Мүсірепов туралы бірталай зерттеулердің, көптеген мақалалардың жарияланғанына қарамастан, жазушы мұрасының кейбір тұстары мен қырлары жеткілікті түрде ашылмаған. Әсіресе, аудармашылық шеберлігі және әлемнің 34 тіліне аударылған шығармалары терең зерделеуді қажет етеді. Оның әдеби мұралары француз, ағылшын, неміс, испан, венгер, вьетнам, моңғол тілдеріне аударылып, бір талайы орысша басылып шықты.
Жазушы ең алғашқы шығармаларын төңкеріс кезеңіндегі өмір шындығын суреттеуден бастап, қазақ кеңес әдебиетінің басты тақырыбына айналған қазан революциясы, азамат соғысы дәуірі, тап тартысы тақырыбына көп аялдаған. Шындығында да, көркем әдебиетте төңкерістік кезеңдегі күрес оқиғаларын, жаңа дүние орнатушылардың қаһармандық бейнесін суреттеу әдебиет алдындағы үлкен шығармашылық міндет еді.
2002 жылы Ғабит Мүсіреповтің ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО шешімімен республиканың түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтті және қаламгер мұрасына жаңаша талдаулар жасауға жол ашты. Жазушының кіндік қаны тамған Қызылжар өңірінде, Алматыда, Астанада, тағы да басқа қалаларда өткен жиындарда қаламгердің адами, шығармашылық асыл қасиеттері сөз болып, оның биік тұлғасы бұрынғыдан да жарқырай түсті. Ғабеңнің бүкіләлемдік әдебиетке қосқан үлесі ескеріліп қана қоймай, ғылыми қауым тарапынан тиісті бағасын алды. Жерлес жазушының бай мұрасы бүгінгі уақыт талабына толық үндес екеніне, ұлттық тарих пен мәдениет, әдебиет пен өнердің қай-қайсысына болмасын айрықша үлес қосқаны тағы бір сараланды.
“Қысымды, қиыншылықты көп көргеннің әсері болар, Ғабит Мүсірепов біз білгенде ақтарылып, сырын ашуға бейілді емес те еді. Кесімді байлауын, іште сақтаған пікірін керек деген жерінде ғана немесе екіұдайда ғана ашып айтатын. Сондықтан оның азаматтық тұлғасын, танымы мен тағылымын шығармаларын зерделеп, тереңдеп түсіну арқылы ғана аңдай аламыз. Мұның толық іске асуы – алдағы уақыттың ісі, өсер ұрпақтың үлесінде десек те болады”, – деп академик Зәки Ахметов айтып кеткендей, қаламгер шығармалары арқылы заман шындығын, ұлт болашағымен байланысты өміршең ойларын зерделеуге болады. Бұл – бүгінгі күндегі тәуелсіз әдебиетіміздің бағыт-бағдарын айқындап, өркендеп-дамуында қажетті болып келетін үлгі.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де жазушыны ұлықтауға бағытталған біршама игілікті істер атқарылуда. Оқу ордасы білім, ғылым, мәдени орталық ретінде академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің ғылыми және әдеби мұраларын насихаттауды өзіне міндет етіп алып отыр. Білім ордасында өтетін ғылыми-теориялық конференциялар, “дөңгелек үстелдер”, әдеби-сазды кештер – соның айғағы.
“Ғабит Мүсірепов мұрасы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары арқылы отандық және шетел ғалымдарының Ғабит Мүсірепов шығармашылығы жайлы еңбектерімен танысуға болады. Жазушының әдеби мұрасы жекелеген жанрлар бойынша ғана емес, шығармашылық шеберхана сырлары, поэтикалық, типологиялық тұрғыдан кең көлемде зерттеліп, сараланды. Бұл еңбектердің ғабиттанудың арнасын кеңітіп, өрісін ұзартқаны сөзсіз. Ғалымдардың басқосуында СҚМУ-дің оқу үдерісінің жоспары мен кестесіне ғабиттану пәнін енгізу туралы шешім қабылданды. Сол негізде оқу бағдарламасы құрастырылып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы студенттеріне ғабиттану пәнінен дәріс оқылуда. Ғабиттану элективті пәні жерлесіміздің өмірін, шығармашылық жолын, осы жолда кездесетін қиындықтарын, өз алдына қойылған биік мақсаттарға жетуін көздейтін терең зерттеулерге негізделген.
Ғабиттану – тереңге тамыр тартқан ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми арналардың бірі. Оның негізі өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан басталса, қалыптасу белесі 50-60-шы жылдар. Және де оған қазіргі таңдағы ғабиттанудағы тың ізденістерді қоссақ, жазушы шығармашылығын танудың үлкен арна тауып, жеке ілім тұрғысынан қалыптасқанын айқын байқаймыз. Солардың қатарында Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай-кешенінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбековтің жерлес қос қаламгерге арнаған “Тұлғалар тағылымы” атты зерттеуі де бар. Негізінен, Ғ.Мүсірепов мұрасы бойынша екі докторлық, он екі кандидаттық диссертация қорғалып, жалпы саны алпыс шақты жас ғалым оның шығармашылығын өз жұмыстарында пайдаланған.
Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына байланысты “Әлемдік әдеби үрдістегі Ғ.Мүсірепов шығармашылығының орны” атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның М. Қозыбаев атындағы СҚМУ қабырғасында өтіп, белді ғалымдарымыздың 10 жыл мерзімнен кейін бас қосып, ғабиттанудағы келелі мәселелерді ғылыми жүйеде тағы сөз етіп, салиқалы ой бөлісіп, ортаға салғанын да ұмыта қойған жоқпыз. Оқу ордасы ұйымдастырған “Ғ.Мүсірепов – әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі жарқын тұлға” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның академик-жазушының 115 жылдығына орай өткізілуі бұл шараның игілікті дәстүрге айналғанын аңғартады.
Белгілі сөз зергері, “алыптар тобының соңы” атанған қаламгердің әдебиет, мәдениет, тарих саласындағы салиқалы ой-пікірлері мен тұжырымдары, көркем топшылаулары, әрине, теңдесі жоқ қазына. Рухани қуаттандыратын, көптеген сауалдарға жауап беретін, өмірдің мәні мен маңыздылығын түсіндіретін, талай жылдар өтсе де құндылығы кемімейтін байлық.
Сыншы Сайлаубек Жұмабеков “Ғ.Мүсірепов – өмір мен өнер заңдылығына әлдеқашан айналып, ой-санамызға табиғи түрде сіңісіп, уақытпен бірге ұдайы жаңғырып, жасаңқырап тұратын рухани тіршіліктің баламасына айналып кеткен ұлы құбылыс, ұлы есім болып қала береді”, – демекші, ғабиттану белестерінің алар асулары әлі алда. Ғабиттану да белгілі абайтану, сәкентану, жамбылтану, сәбиттану, мағжантану сияқты элективті пәндер қатарындағы маңызды деп саналатын, ұлттық әдебиетімізден өзінің лайықты орнын алатын, академик-жазушының мұрасын оқытуда қажетті саналатын пән. Бұл ретте пәннің болашақ мамандарға рухани тәлім-тәрбиені молынан берудегі орны айрықша екені де ақиқат.
“Мүсірепов сияқты тұлғаның шығармаларын сөз қылғанда асыра сілтеуге де, жете бағаламауға да ұрынбау – қиынның-қиыны. Тарих ғылымы биігінен қарайтын болсақ, мүсіреповтанудағы қиыншылықтың басы суреткер шығармаларының хронологиялық ауқымы мейлінше кең жатқанына келіп тіреледі. Жазушы қазіргі Қазақстан жерінде соңғы 1500 жыл аясында өткен оқиғаларды, адамдар тағдырын, ілгерілеулер мен іркілістерді, ізгілік пен зұлымдықтың, ескі мен жаңаның арпалысын шығармашылық ізденісіне арқау етіп, ұлттық реңкі қанық кесек-кесек туындыларын, қаһармандарын дүниеге әкелді”, – деген профессор Ханкелді Әбжановтың пікірін ескере отырып, мүсіреповтану тарихындағы зерттеулерді дұрыс зерделеп, дұрыс оқытып, талдау қажеттігін бағамдаймыз.
“Ұмытшақтық қоюланып келеді. Сондықтан кейбір керекті нәрселерді кезінде еске түсіру үшін бұдан былай “Күнделік” жазуды дұрыс көрдім. Ұмытып кетіп жазбай қоймасам, мүмкін, пайдасы тиер. Сол үмітпен! – деп жазушы өзі айтқандай, ол күнделік жазуды 1970 жылдан бастап әдетке айналдырған екен. Қаламгердің Алматыдағы мұражайында 300-ден астам қойын кітапшалары сақталғаны белгілі. Ал 1997 жылы “Күнделік” атты кітабын баспаға дайындап, соңғы сөзін жазып жарыққа шығарған профессор, филология ғылымдарының докторы Әбділхамит Нарымбетовтің еңбегінің нәтижесінде көзі тірісінде-ақ “ұлы суреткер”, “әдебиетіміздің классигі”, “дарабоз сөз зергері” сияқты құрметке ие болған жазушының қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті, тілі туралы салмақты ойлары, болашақ шығармаларының жоспар-жобалары, әртүрлі дерек-құжаттар, белгілі тұлғалар жайлы мақалаларымен танысып, “пайдасы тиер” мол материалға қанығуға болады.
“Күнделіктегі” материалдар мен тақырыптар сан-салалы, әр алуан. Бірақ ең қызықтысы, әрине, жазушының әдеби ой-толғаныстары. Әдебиеттің қаншалықты құнды екендігіне қайта-қайта баса назар аударады.
“Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің маңдайындағы соры бес елі ғой. Ақын-жазушыларын жәбірлеген өкімет адамдары ше? Әне, халқының жауы солар! Солар! Солар! Халқының жүрек отын сөндіріп, ой жарығын өшіріп тастаған хайуандарға рақым болмау керек”, – дегенінде жазушының ең алдымен Ахмет, Мағжан, Бейімбет сияқты ұлттың маңдайалды тұлғаларының тағдырларына қаншалықты күйзеліп, солақай саясаттың қиянатына ашынған жайын аңғаруға болады. Ғабең ақын-жазушыларын қуғындайтындар – ұлт әдебиетінің, ұлт тілінің, жалпы ұлттық атаулының жаулары, олармен ымыраға келуге болмайды, олармен күресу керек дегенді айтып отыр.
Алматыдағы “Алаш жолы” баспасынан С.Оразалиннің құрастыруымен “Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер” атты еңбек жарық көрді. Кітапта Ғ.Мүсірепов туралы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Әбішев, М.Қаратаев, З.Ахметов, С.Қирабаев, З.Қабдолов сияқты бірқатар тұлғалардың, ақын-жазушылардың, сыншылардың, ғалымдардың және ағайын-туыстарының естеліктері берілген. Құрастырушы Мемлекеттік мұрағаттағы Ғ.Мүсіреповтің жеке қоры мен оның мұражайында сақталған және жеке адамдардан жинастырылған сирек фото деректерді де кеңінен пайдаланған.
“Әлемдік әдебиет” атты 200 томдыққа қазақ жазушыларынан М.Әуезовпен бірге Ғ.Мүсіреповтің “Этнографиялық әңгімесінің” енгені де, әрине, көп жайдан хабар береді. Әрбір суреткер белгілі ортада, қоғамдық жағдайда өсіп-жетілетіні белгілі. Оның дүниетанымы, көзқарасы мен талап-болмысы неғұрлым жетілген сайын, шығармашылық мұрасының да көкжиегі кең, мән-маңызы терең болады. Ендеше, Ғабит Мүсіреповтің де қадір-қасиеті халқы мен келешек ұрпақ үшін биіктей бермек.
Жанар ҚҰЛЫБЕКОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.